Бірқатар облыстардың аумағындағы кейбір жолдарда көлік қозғалысы шектелді
АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - Боранға байланысты Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары аумағындағы жолдарда көлік қозғалысы шектелді.
«Қазақавтожол» РМК баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, Қарағанды облысы аумағындағы «Екатеринбург-Алматы» жолының 1353-1425 шақырымындағы Ақмола облысы шекарасы мен Теміртау аралығы жабық тұр.
Қостанай облысы өңірінде «Қарабұтақ-Денисовка-Рудный-Қостанай» жолының 509-549 шақырымындағы Рудный мен Қостанай аралығы, «Екатеринбург - Алматы» жолының 374-544 шақырымындағы РФ шекарасы мен Қостанай аралығында көлік қозғалысы шектелді.
Павлодар облысында бүгін түсте «Астана-Ерейментау-Шідерті» жолының 205-259 шақырымындағы Шідерті мен Астана аралығында жол жабық.
СҚО аумағында барлық автокөлік түрлері үшін «Мамлютка-Қостанай» жолының 0-180 шақырымы аралығында көліктердің жолға шығуына тыйым салынды.
Сонымен қатар Ақмола облысы аумағында бірқатар жолдарда көлік қозғалысы шектелді. Қазіргі кезде бұл жолдарда «Қазақавтожол» РМК-ның өңірлік филиалдарының арнайы техникалары мен қызметкерлері кезекшілікке шықты.