Бірқатар өңірде тұрғын үй құрылысына жер телімдерінің тапшылығы байқалып отыр

АСТАНА. 14 мамыр. ҚазАқпарат - Бірқатар өңірде тұрғын үй құрылысына жер учаскелерінің тапшылығы байқалады.

Бірқатар өңірде тұрғын үй құрылысына жер телімдерінің тапшылығы байқалып отыр

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын іске асыру барысы туралы баяндама жасаған ҚР Өңірлік даму вице-министрі Серік Нокин мәлім етті.

«Қазақстандық тұрғын үй құрылыс корпорациясы, «Самұрық Қазына» жылжымайтын мүлік қоры, сондай-ақ тұрғын үй құрылысының басқа да бағыттарымен жұмыс істеу барысында бірқатар өңірлерде тұрғын үй құрылысына жер учаскелерінің тапшылығы байқалды»,-деді С. Нокин.

Оның атап өтуінше, орын алып отырған ахуалды оң шешу үшін Үкіметтің тапсырмасына сәйкес облыс әкімдіктерімен 2012-2015 жылдарға арналған қалалар мен ауылдық елді мекендердің бас жоспарларын, деталды жоспарлау жобаларын және құрылыс жобаларын әзірлеу кестесі бекітілген. Бұл ретте Астана мен Алматы қалалары, барлық облыс орталықтары және халық саны 100 мыңнан асатын қалалардың бас жоспарлары бар екендігі ескеріліп, аталған кестеге халық саны 100 мыңға дейінгі қалалар мен елді мекендердің құрылыс жобалары қосылған.

«Осы кестеге сәйкес республика бойынша аталған кезеңде 23 қаланың бас жоспары, 76 деталды жоспарлау жобасы, 26 құрылыс жобасы, халық саны 50 мыңға дейінгі 149 қаланың деталды жоспарлау жобаларын қоса алғандағы бас жоспар, 982 5 мыңға дейінгі тұрғындары бар ауылдық елді мекендердің бас жоспарының жеңілдетілген сызбасы әзірленетін болады»,-деді ол.