Бірқатар салада статистикалық кемшіліктер орын алуда - С. Әйімбетов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірқатар салаларда статистикалық көрсеткіштер бойынша кемшіліктер орын алып отыр. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Сейітсұлтан Әйімбетов осылай мәлім етті.
Еске сала кетсек, Үкімет сағатында ҚР Статистика агенттігінің былтырғы жылғы жұмыс қорытындылары талқыланған болатын.
«Пайдаланушыларды анық және өзекті статистикалық көрсеткіштермен қамтамасыз ету мәселесі маңызды. Статистикалық деректермен жұмыстың тиімділігін артыру да өзектілігін жойған жоқ. Мәселен, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі көрсеткіштерді жақсарту керек. Біз агенттік сайтынан бірқатар маңызды көрсеткіштерді көргіміз келеді. Атап айтқанда, бұлар: кәсіпкерлікке сенімділік индексі, өндірістік олқылықтардың орташа деңгейі, бәсекелестік ортаның жай-күйі. Сонымен қатар, өндірістің өсуін шектейтін факторлар, яғни коммерциялық несие пайызының жоғары болғаны, білікті жұмысшылардың жетіспейтіні, бәсекелесуші импортты қамту көрсеткіштерін қамту да маңызды», деді С. Әйімбетов.
Бұдан бөлек, депутаттың пайымынша, осы көрсеткіштерді пайдалана отырып, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктерден қосымша деректер сұратпастан дербес талдау жасауға болады.
«Байланыс, көлік, инновация бойынша да кемшіліктер орын алып келеді», - деді С. Әйімбетов.