Бірқатар субъектілерден жосықсыз бәсеке фактілері анықталды - Бәсекелестікті қорғау агенттігі
АСТАНА. 30 шілде. ҚазАқпарат - ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінде Әдістемелік кеңестің кезекті отырысы болып өтті.
Онда нарық субъектілеріне қатысты тергеу нәтижелері қаралды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарланды.
Нарыққа жүргізілген тергеу нәтижелері барысында бірқатар субъектілерде жосықсыз бәсекелестікті жүргізу фактілері анықталған. «Атап айтқанда, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген «Имамалиев Д.А.» «FINISH P» тауар белгісімен орамаға өлшеп салынған «AlinEx» шпатлевка-құрылыс қоспаларын сатуды жүзеге асырған. Ал, «FINISH P» тауар белгісінің иесі «Alina Trade» серіктестігі болып табылады және аталған серіктестік тауар белгісін пайдалану құқығын бермеген болып шықты. Осыған орай, жеке кәсіпкер «Имамалиев Д.А.» әрекеті тауар белгілерін заңсыз пайдаланғаны ретінде қаралып, «Бәсекелестік туралы» ҚРЗ 16-бабының 2-тармағының 1-тармақшасына сәйкес жосықсыз бәсекелестікке жатады», - делінген баспасөз баянында.
Сондай-ақ келіп түскен шағымды тексеру барысында да «Қазақтехресурс» ЖШС қызметіндегі заңсыздықтар анықталды. Мысалы, аталған серіктестік «СТ-KZ» сертификатын және тежегіш композициялық қалыпты (Ресейде шығарылған) сериялық өндіруге сертификат бере отырып, отандық өндірушілер үшін мемлекет тарапынан болатын құқықтар мен жеңілдіктерді пайдаланып келген.
«Дайындама брикеті негізінен «Урал АТИ» компаниясында өндірілген болса, жасалған шарттың ережелеріне сәйкес қалыптың барлық партиясына «Қазақтехресурс» ЖШС-ның таңбасы қойылған. Сонымен қатар, «Қазақтехресурс» темір жол жүк вагондары үшін тор-сыммен тежегіш композициялық қалыпты өндіруге өзінің белгісімен «УралАТИ» компаниясының дайындама брикетін пайдаланған. Таңба талаптарына сәйкес тұтынушыларға арналған ақпаратта дайындаушының көрсетілген атауы оның орналасқан елінде тіркелген атауға сәйкес келуі тиіс. Осылайша, «Қазақтехресурс» ЖШС әрекеті тауардың шыққан орны туралы тұтынушыны жаңылыстыруға әкелуі мүмкін. Яғни, аталған жағдайда тауарды тұтынушы отандық ретінде қабылдауы мүмкін, ал бірақ оны өндірушілер ресейлік компания болып табылады. «Қазақтехресурс» ЖШС-ның әрекеті тауар белгілерін заңсыз пайдалану ретінде қарастырылып отыр», делінген баспасөз баянында.