Бірқатар табиғи монополия субъектісі жылу беру кезеңінде міндетті әзірлік паспортын алмаған
АСТАНА. ҚазАқпарат – Кейбір өңірлердегі бірқатар табиғи монополия субъектісі жылу беру кезеңіне міндетті әзірлік паспорттау талабын орындамаған.
Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында жылумен жабдықтау саласындағы аудиторлық іс-шараның қорытындысын талқылау кезінде Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жылыту маусымына дайындық кезінде орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар жағынан энергетикалық бақылаудың тиісті жүйесінің жоқтығы байқалды. Өңірлік деңгейге берілген жылу энергетикасы саласындағы жекелеген бақылау функциялары толық көлемде пайдаланылмай отыр. Мәселен, кейбір өңірлердегі бірқатар табиғи монополия субъектісі жылу беру кезеңіне міндетті әзірлік паспорттау рәсімінен өтпеген. Әзірлік паспорттарының болмауының ең жоғары үлесі Атырау (53%), Павлодар, Ақмола және Абай (18%-дан 30%-ға дейін) облыстарында анықталды», - деді Н. Годунова.
Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар паспорттаудан өтпеген субъектілерге қатысты әкімшілік реттеу әрекетін жасамаған.
«Онымен қоса, аталған барлық объекті осы паспортсыз қысқы кезеңде жұмыс істеген», - деді палата басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Жоғары аудиторлық палата жылымен жабдықтау саласында қаражатты тиімсіз игеру деректерін анықтады.
Жылу беру саласындағы мемлекеттік реттеу бірнеше мемлекеттік органға жүктелгендіктен, жылу энергетикасын дамытуда жүйелі тәсіл жоқ.