Бірлескен еңбегімізбен біз әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын қамтамасыз ететін мықты мемлекет құрудамыз-Н. Назарбаев

АНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының тұрғын үй басқармасында кезекте тұрғандарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер кілттерін тапсыру рәсіміне қатысты.

Бірлескен еңбегімізбен біз әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын қамтамасыз ететін мықты мемлекет құрудамыз-Н. Назарбаев

Рәсім астаналық Конгресс-холл сарайында өтті. Елбасы кілттерді тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзін астаналықтарды Наурыз мейрамымен құттықтаудан бастады. «Наурызды халқымыз бағзыдан жыл басына, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің мейрамына балаған. Көктеммен бірге көңілге қуаныш әкелетін мерекенің еліміз үшін орны ерекше. Сондықтан, әуелі баршаңызды алдағы Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын!». - деді Президент.

Мемлекет басшысы Бас қаламызда мұндай үлкен мереке күндерді қоныстой қуанышына ұластыру игі дәстүрімізге айналғанын атап көрсетті. «Бүгін де бір топ елордалықтарға жаңа пәтерлердің кілтін табыс еткелі тұрмын. Биыл әз-Наурызды, міне, 400-дей отбасы жаңа қоныста қарсы алғалы отыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын, ағайын!», - деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар Президент ммелекет қаржылық қиындықтарға қарамастан, азаматтарымыздың лайықты баспаналы болуына жағдай жасап келе жатқандығына тоқталды. «Соңғы 10 жылда жалпы еліміз бойынша тұрғын үй қорын 45 мил­лион шаршы метрге ұлғайттық. Бұл - бүгінде бір миллионнан астам азамат жаңа пәтерлерде тұрады деген сөз. Астанада соңғы он жылда пайдалануға берілген тұрғын үйлер ауқымы он есе өсті. Есілдің жағасында орын тепкен еңселі Елордамыз күн санап көркейіп келеді. Қазір ол - шын мәнінде қарыштап өсуіміздің, серпінді дамуымыздың символы. «Ізгілік қаласы» атанған елордамыз достықтың дәнекер мекеніне айналды. Сондықтан, бас қаладан баспана алып, астаналық атану айтарлықтай мәртебе. Астаналықтардың саны да, өмір сапасы да жыл өткен сайын артып келеді. Халыққа биылғы Жолдауымда тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық­ты жаңғыртуды тапсырдым. Сонымен қатар су, жылу, электр және газбен қамтамасыз ету жүйелеріне де кең ауқымды жаңғырту жүргізуді тапсырдым. Бұл жыл сайын 10 мыңға жу­ық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Біз осылайша тұрғын үй жағдайын жақсартып, азаматтардың өз мүлкін сақтауға деген жауапкершілігін де жоғарылатамыз», - деді Мемлекет басшысы.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы өткен жылдар ішінде мемлекеттік саясаттың басты мақсаттарының бірі әрбір қазақстандық отбасыны жеке пәтермен немесе жеке меншік үймен қамтамасыз ету болғанын атап өтті. «Тұрғын үй - жәй төрт қабырға мен басыңдағы баспанаң ғана емес. Ол одан да үлкен нәрсе. Бұл адамның өмір сүретін аумағы, өз балаларын өсіретін құтты шаңырағы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап мен барлық қазақстандықтар қолайлы және жайлы өмір сүрулері үшін үлкен үй ретінде біздің мемлекеттігімізді құруға ұмтылдым. Егеменді дамуымыздың жиырма жылы ішінде біз мұндай үйді тұрғыздық. Біз Қазақстан Республикасын халық үшін, халықтың игілігі үшін бәрін де жасайтын әлеуметтік мемлекет ретінде құрдық, - деп атап өтті Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономикалық дағдарыстың ықпалына қарамастан, мемлекет өзіне алған әлеуметтік міндеттемелердің барлығын мүлтіксіз орындап отырғанын атап өтті. Елдің экономикалық табыстарымен бірге адамдарға көмек көрсетудің жаңа мүмкіндіктері пайда болуда. Әр жыл сайын мемлекет бұл қолдауды барлық бағыттар бойынша кеңейтіп келеді. Қазақстандық денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамтудың нығаюымен қатар, халықтың әлеуметтік қорғалған санаты үшін тұрғын үй құрылысына ерекше назар аударылуда. Олар соғыс және еңбек ардагерлері, олардың отбасылары, мүгедектер, жетім балалар, көп балалы немесе толық емес отбасылар, бюджеттік мекемелердің қызметкерлері - дәрігерлер, мүғалімдер, мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметшілер. Төрт жүз отбасы өз тұрғын үйін астанадан бүгін алады. Бұл пәтерлерге жаңадан қоныстанушы азаматтар әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар қатарына жатады.

Бүгінде астананың құрылыс секторы қарқынды дамуын жалғастыруда. Тек соңғы 11 жыл ішінде Астанада пайдалануға берілген тұрғын үйдің саны 10 есеге дейін артты. Мемлекеттік құрылыс стратегиясын іске асыру мемлекеттік тұрын үй құрылысының бағдарламасында басым орынға ие. Биылғы жылы оны іске асырудың үшінші кезеңі басталады. Бағдарлама айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық тиімділігін көрсетті. Мысалы, Астанада тұрғын үймен қамту өткен жылы 18,3 шаршы метр болатын орташа республикалық көрсеткіш бойынша алғанда, адам басына шаққанда 21,5 шаршы метрді құрады. 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын іске асыру барысында Астанада 5 мың 612 адам пәтер алды. Жалпы, еліміз бойынша тек соңғы 10 жыл ішінде 45 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Әр жыл сайын тағы 6 миллион шаршы метр тұрғын үй салынатын болады.

«Мен бүгін бәріңізді көптен күткен пәтерге ие болуларыңызбен құттықтап, жаңа пәтерлердің кілтін тапсырғым келеді. Бұны сіздердің патриотизмге, сіздердің Отанымыздың игілігі үшін жасаған еңбектеріңізге құрмет деп біліңіздер. Сіздер өз балаларыңызды еңбексүйгіштікке және біздің Отанымыз - Қазақстан Республикасының жауапты азаматтары ретінде тәрбиелейтіндеріңізге сенемін! Тамаша мейрам - Наурыздың қарсаңында пәтер кілттерін тапсыру мен үшін де зор қуаныш. Наурыз - біздің бірлігіміздің рәмізі. Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностардың күш-жігерінің арқасында біздің қоғамда бейбітшілік пен өзара түсіністік салтанат құруда. Бұл біздің одан әрі дамуымыздың басты, міндетті шарты. Бірлескен еңбегімізбен біз әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын қамтамасыз ететін мықты мемлекет құрудамыз. Мен қаңтардағы еліміз халқына Жолдауымда, таяудағы «Нұр Отанның» съезінде, қазақстандық әйелдердің бірінші съезінде бұл туралы кеңінен айтқан болатынмын», - деп атап өтті Президент.

Елбасы мемлекет халықтың түрлі топтарына да қолдау көрсетіп жатқандығын атап көрсетті. «Ауыл тұрғындарына бизнес жобалары үшін шағын несиелер беріледі. Отандық шағын бизнеске қолжетімді насиелер арқылы қолдау көрсетілуде. Өзін-өзі қамтыған қазақстандықтарды перспективасы бар мамандықтар бойынша тегін оқыту, сондай-ақ тегін жолақысы мен жаңа индустриалдық нысандарда жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері қарастырылады. Адамдардың тұрғын үй салуына немесе сатып алуына жаңа мүмкіндіктер жасалады. Құрылыс индустриясының жандануы мыңдаған қазақстандыққа жұмыс тауып береді. Мұның бәрі қазіргі әлемдегі жағымсыз үрдістерге қарамастан жүзеге асырылады. Әлемде 200 миллион адам жұмыссыз отыр. Бір миллиардқа жуық адам тойып тамақтанбайды немесе аштық күйін кешуде. Әр жыл сайын 5 миллионға жуық бала аштықтың құрбаны болуда. Жер жарын ауыр техногендік зілзала мен сұрапыл апаттар сілкінтуде. Өзге елдер ұлтаралық және дінаралық кикілжіңдердің бетін қайтара алмауда. Жыл сайын отыз шақты жаңа қару-жарақпен күш көрсету ошақтары пайда болуда. Көптеген мемлекет пен халық тұрақсыздық пен нақты даму преспективасының жоқтығынан зардап шегуде. Қазақстандағы жағдай бұған қарама-қарсы. Тиімді экономика қалыптасқан. Жиырма жыл ішінде экономика көлемі 12 есе артты. ЖІӨ деңгейі халықтың жан басына шаққанда 9 мың долларға жетті. Тек соңғы 10 жылда кірісі төмен халықтың үлес салмағы 4 есе азайды. Осы кезеңдері мұғалімдердің еңбекақысы 5 есе, дәрігерлердікі 7 есе, зейнетақы 6 есе өсті. 45 миллион шаршы метр тұрғын үй, 450 аурухана мен 750 жаңа мектеп салынды. Демократиялық саяси жүйе қалыптасты. Қазақстан әлемнің барлық еліне танылды. Үдемелі индустрияландырумен бірге әлеуметтік жаңғырту жүргізілуде. Таяу 10 жылда жұмыссыздық 5 пайызға, кедейшілік 5 пайызға төмендейді. Өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа артады. Халықтың саны 18 миллионға жақындайды. Жаңа кәсіпорындар, мыңдаған шақырымдық темір жолдар мен автомобиль жолдары салынатын болады», - деді Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысы бізде ел дамуының бірнеше жылға арналған нақты жоспары барын айрықша атап көрсетті. «Біз өз күшіміз бен құралдарымызды нақты есептедік. Қайда және қашан салатынымызды білеміз. Шикізат пен энергияны қайдан алатынымыз, өндірістік өнімді қайда жіберетініміз белгілі. Бұл үшін бізде жас, бірақ мықты мемлекет бар. Ел мен қоғамды жаңғыртуға бағытталған партия бар. Ең бастысы, кез келген міндетті ауырсынбай атқаратын талантты және еңбексүйгіш халқымыз бар. Бүгінде Отан тағдырына бей-жай қарамайтын әрбір қазақстандық біздің еліміздің даму жоспары Қазақстан халқының жоспарымен және қажетті талаптарымен толықтай сәйкес келетінін сезінуі тиіс. Біздің стратегиялық ой-ниетіміздің табысты іске асырылуы әрбір қазақстандыққа байланысты. Біздің бәріміз елді жаңартуға белсенділікпен атсалысуға тиіспіз. Қазақстанның болашағы - біздің қолымызда!», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Құрметті қауым! Біз биыл Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өтуге дайындық үстіндеміз. Тәуелсіздік арқылы біз айдынды елге, әлеуетті мемлекетке айналдық. Бүгінгі шараны да тәуелсіздіктің тартуы деп біліңіздер. Қашанда мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің еңсесі биік болсын! Наурыздан наурызға басымыз аман, бауырымыз бүтін жетуге жазсын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын, жаңа пәтерлеріңіз құтты болсын!», - деп аяқтады сөзін Мемлекет басшысы.