Бірлескен кәсіпорындарда Қазақстан азаматтары жұмыс істеуі тиіс – Сенат төрағасы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Инвесторлар Қазақстан аумағында жобаларды іске асыру кезінде бірінші кезекте біздің жұмысшыларды қамтуы керек. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кез келген компанияның жұмысына қатысты тоқталсақ, бірлескен кәсіпорындарда Қазақстан азаматтары жұмыс істеуі тиіс. Біз осындай саясатты ұстанып отырмыз, осы бағыттағы қадамдарға басымдық беріліп отыр», - деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Осы орайда Сенат төрағасы жұмыспен қамту мәселелері еліміздің заңнамасында ескерілгенін еске салды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәулен Әшімбаев батыс мемлекеттерінің Ресейге қатысты санкциясы жөнінде пікір білдірді.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары қандай нәтиже беруі мүмкін екенін айтты.