Бірлігі бекем елде індеттің де ұзақ тұрақтамайтынына сенімдімін - Қасымхан Бегман

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Бірлігі бекем елде індеттің де ұзақ тұрақтамайтындығына сенім білдіремін. Мұндай пікірін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қасымхан Бегман білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бірлігі бекем елде індеттің де ұзақ тұрақтамайтынына сенімдімін - Қасымхан Бегман

«Әлемді әбігерге түсірген ауыр індеттің бетін қайтару үшін әркім өз деңгейінде үлесін қосуда. Бірі жұртты сабырға шақырып, бірі қаржылай көмегін көрсетіп, бірі халықтың материалдық қажеттілігін өтеуге күш салуда. Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өз жанашырлығын танытып, жалпақ жұртқа үндеу тастады. Кәсіпкерлер мен елдің әрбір азаматы шама-шарқынша қаржылай көмек көрсету керектігін айтты. Арнайы қор құрып, онда жиналған қаражат осы індеттің алдын-алуға бағытталуы тиіс екендігін баса айтты», - дейді ол.

Қасымхан Бегманның айтуынша, бұл үндеуге Түркістанның барлық кәсіпкерлері қолдау білдіріп, құрылған қорға қомақты қаржы аудара бастады.

«Тіпті, қоғамның әр саласында қызмет етіп жатқан қарапайым қызметкерлердің өзі біркүндік жалақыларын аударып, мәрттік танытуда. Міне, бұл індеттен құтылудың ең төте жолы. Бұл – біздің бабадан келе жатқан, қанымызда бар қасиетіміз. Осындай бірлігі бекем елде індеттің де ұзақ уақыт тұрақтамайтындығына сенім білдірейік. Әр отандасымызды өзіміздей көріп, жанашырлық танытуға атсалысайық, ағайын!», - деді қоғам қайраткері.