«Бірлігіміз жарасқан» науқанын қолдаушылардың саны 300 мыңнан асып жығылды - Л.Хамадинова

Қазақстанның Азаматтық альянсының атқарушы директоры Алина Хамадинованың журналистерге берген сұхбатында атап көрсеткеніндей, «Бірлігіміз жарасқан» акциясы әуелгі жоспарланған ауқымынан асып түсіп, оны қолдаушылардың қатары бірте-бірте көбейе түскен. Олардың арасында үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік институттар мен бизнес құрылымдар жетерлік.
Шара шеңберінде 400-ден астам акция ұйымдастырылды.
Л.Хамадинованың айтуынша, олардың арасындағы ең ауқымдысы - патриоттардың республикалық форумы болған. «Біз онда күтпеген жерде ерлік жасаған қарапайым патриоттарды құрметтедік. Олардың бірі суға кетіп бара жатқан адамды құтқарып қалған болса, бірі адамды от ажалынан аман алып қалған, тағы бірі сол сияқты басқа да игі істерді жасаған. Науқанға қосылушылардың легі ойлағаннан әлдеқайда асып түскендіктен, ағымдағы шілде айында оның бір нәтижесін шығарып, болашақта оны жалғастырсақ деген ой бар», - деді ол.
Жақсы істер мен қарапайым адамдардың ерлігін ұлықтауды мақсат тұтқан «Бірлігіміз жарасқан» науқаны - жалпы республикалықтан, жалпы халықтық шараға айналды.
Бүгін Азаматтық альянстың ниеттестері Астана вокзалынан сапарға аттанған «Денсаулық» емдеу-диагностикалық медициналық пойызбен бірге жолға шығып, ұйымдастырушылардың бірі - «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен бірге теміржол көлігі тоқтайтын ірі стансыларда балаларға арналған ойын алаңдарын құрып, қайырымдылық тағамдарын үлестіретін болады.