«Бірлік» әзірбайжан мәдени-ағарту қоғамы балаларға қайырымдылық шарасын ұйымдастырды
ОРАЛ. 2 маусым. ҚазАқпарат - Балаларды қорғау күніне орай «Бірлік» әзірбайжан мәдени-ағарту қоғамының өкілдері №15 көмекші мектеп-интернат тәрбиеленушілері үшін мерекелік шара ұйымдастырды.
Жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға «Каспий» мейрамханасында түстік берілді. Балаларды облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Облыс басшысының балаларға тартуы ретінде жаңа плазмалық теледидар аталмыш мектеп-интернат директоры Бауыржан Әбдірахмановқа табыс етілді. Сонымен қатар «Бірлік» қоғамы төсек жабдығымен 25 кереует, бағалы сыйлықтар мен тәтті тағамдарды сыйға тартты.
Мұндай қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да жалғаспақ.