Бірлік - біздің республикамыздың тұрақтылығы - Ақан Бижанов

; АЛМАТЫ. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Елбасының ұсынысымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблея бүгінде мемлекеттік институт ретінде көп жұмыстар атқаруда. Әсіресе, ұлтаралық, діни қарым-қатынаста үлкен жұмыстар істеп жатыр.

Бірлік - біздің республикамыздың  тұрақтылығы -  Ақан Бижанов

Ассамблеяның жұмысы - халықаралық тәжірибедегі үлгіге айналды. Ал, бүгінгі таңда Қазақстан елінің республикалық ұлтаралық татулық моделі басқа елдерге үлгі болып отыр. Бұл туралы бүгін Алматыда «Мәдениеттердің үндесуі арқылы бейбітшілік пен келісімге» деген тақырыпта өтіп жатқан этномәдени бірлестіктердің халықаралық форумында ҚР Парламент Сенатының Әлеуметтік мәдени даму жөніндегі комитеттің төрағасы Ақан Бижанов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, еліміз нығайған сайын, Ассамблеяның жұмысының қажеттілігі одан әрі жоғары бола бермек. «Өйткені, діни, ұлтаралық қарым-қатынастағы мәселе өте нәзік, ол жай ғана мәселе емес. Бұл жағдайға келгенде, Мемлекет тарапынан да, Елбасы да елімізде тұратын барлық халықтың ұлттық мәдениеті мен тіліне ұдайы назар аударылып, тең құқықтылықта дамуда, барша ұлт пен халыққа барлық жағдай жасалынуда. Осы механизмде ұлттық келісім мен бірлікті қамтамасыз ету жатыр. Сонымен қатар, қазіргі таңда біздің еліміздің әлеуметтік -экономикалық жетістіктердің негізі мен арқауында - Қазақстан халқының бірлігі жатыр. Бірлік - біздің республикамыздың тұрақтылығы», деп атап өтті Ақан Бижанов. Оның айтуынша, бүгінде біздің тәжірибемізді, Ассамблея жұмысының сапалылығын көрген Ресей, Қырғызстан және басқа да елдер, өз Ассамблеяларын құрып жатыр.

Сонымен қатар, оның пікірінше, бүгінгі форумның өте үлкен маңыздылығы бар. "Әлемнің әр жерінде, тіпті дамыған елдерде туындап жатқан ұлтаралық, дінаралық мәселелерді ескерсек, бүгінгі форум сол мәселелерді шешудегі күштің жұмылуына шақырады, яғни қажеттілік те туындауда. Тілдік, ұлтаралық қақтығыстар болып жатқан жағдайда ұлтаралық келісім- бірінші орынға қойылатын өте маңызды мәселе. Бүгінгі заманғы кезеңде өркениеттің диалогы, мәдениеттің диалогы өте қажетті болып табылады. Халықтардың бір-бірімен қарым-қатынасы, мәдениеттің қатынасы - адамзаттың алға жылжуын, әр мемлекеттің даму прогресін анықтайды. Сондықтан, бүгінгі форумдағы тәжірибе бөлісу, қарым-қатынас болашақта жақсы нәтижелер береді деп ойлаймын", деді ол.