Бірлік деген сөз біздің ата-бабаларымыздан қалған өте ұлы, терең мағыналы ұғым-Елбасы

Мемлекет басшысы ең алдымен барша қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі мейрамымен шын жүректен құттықтады.
- Біз бұл мерекені ерекше атап өтіп отырмыз. Себебі, биыл еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Осы орайда, бүгінгі мерекені бірлік аясында бастап отырмыз. Өздерің де білесіздер, бірлік деген сөз біздің ата-бабаларымыздан қалған өте ұлы, терең мағыналы ұғым. Біз тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы ішінде бірліктің арқасында іргелі ел болдық. Мерейіміз көтеріліп, дүние жүзіне белгілі болдық. Экономикамызды көтердік. Халықтың әл-ауқатын жақсарттық. Елордамызды салдық.
Кеше ғана бүкіл дүниені дүр сілкінткен ЕҚЫҰ-ның саммитін өткіздік. Кеше ғана біз Азия ойындарында спорт жарыстарын өткізіп, тағы да дүние жүзіне кеңінен танылдық.
Қазақстанда Азия елдері Ислам Конференциясы Ұйымында бас қосқалы отыр. Осының барлығы Тәуелсіздігімізді алғалы бергі бірліктің арқасында жүзеге асты. Экономикамыздың тұрақтылығының арқасында мүмкін болды. Халықтың әл-ауқатының жақсарғаны мен тыныштықтың арқасында іске асты.
Бізге бүкіл дүние жүзі көз тігіп отыр. Біз діндер съезін және түрлі халықаралық жиындарды ұйымшылдықпен өткіздік. Сондықтан да күллі әлем Қазақстанға ілтипатпен қарайды.
Бүгін Қазақстанның барлық аумағында, ауылдарда, аудандарда, қалаларда мерекелік іс-шалалар өтуде. Мерекеге жиылған халықтың барлығын да құттықтап, береке -бірлік тілеймін.
Біздің алдымызда жасайтын жұмыстар мен асулар әлі де көп. Мына шыр айналған дүниеде түрлі қиыншылықтарды бастан өткеріп жатқан кезде, біздің елде бағдарламалар мен өндірістер іске асырылуда. Осының барлығы Қазақстандағы бірліктің арқасында. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген ата-бабаларымызда сөз бар. Сондықтан да бірлігіміз нығая берсін -, деді Н. Назарбаев.
Мемлекет басшысы қазақстандықтардың бұл мерекені биыл жаңаша атап өтіп жатқанына назар аударып, бүгінгі мереке Қазақстанның барлық аумағында, ауылдарда, аудандарда, қалаларда халқымызды біріктіретін күн ретінде аталып өтіп жатқандығын атап көрсетті. Сондай-ақ таяуда болып өткен кезектен тыс президенттік сайлау халқымыздың бірлігін көрсеткенін айрықша атап көрсетті. «Бұл жәйт барлық отандастарымыздың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанын айғақтап берді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
- Біздің Конституциямыз «Біз Қазақстан халқы...» деген сөздермен басталатыны кездейсоқтық емес. Бірліктің арқасында, сенімнің арқасында, біздің көпұлтты Қазақстанның осындай бірлігінің арқасында біз тәуелсіз Қазақстанды құрдық, біз экономиканы көтердік, біз азаматтарымыздың сенімді болашағының негізін қаладық, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
- Қалалар, ауылдар салып, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын көтерудеміз, университеттер тұрғызып, балаларымызды шетелдермен қатар, соларда оқытудамыз. Осының барлығына бірліктің, еліміздің жұдырықтай жұмылуының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Ал әлемде өздеріңіз көріп отырғандай, зауыттар тоқтап, адамдар жұмыссыз қалуда. Біз болсақ, жаңа кәсіпорындар құрып, жаңа жұмыс орындарын жасақтаудамыз. Дүние жүзінде діни және ұлтаралық түсініспеушілік салдарынан қақтығыстар орын алып, қан төгілуде. Біз тұтастықтың үлгісін көрсетіп отырмыз. Қазақстан елімізде өмір сүріп жатқан барлық этностардың бірлігін нығайтуда. Олар барлық жерде бізбен бірге, барлықь ұжымдар көпұлтты, - деді Президент.
Н. Назарбаев бүгінде Қазақстанда тұрып, өмір сүру кім-кім үшін де мәртеб екендігін, әрбір қазақстандық өзінің болашағын бекем санаса, балаларының болашағына сеніммен қарайтындығын атап көрсетті.
- Біз қазақстандықтар жұмыс істеп, баспаналы болулары үшін, өздері де мамандық алып шығып, балаларын жаңа мамандықтарға оқытулары үшін еңбектенудеміз. Олар ең үздік медициналық мекемелерде емделулері үшін, біздің балаларымыз үздік мектептерде білім алулары үшін қызмет атқарудамыз. Біз мұның бәрін жүзеге асырамыз. Менің Жолдауым, 2020- Бағдарламасы біздің жақсы тұруымызға, тыныштық болып, біздің болашағымыз бұдан да жақсы болуына бағытталған. Осыны іске асыру үшін тағы да бірлік, тағы да бауырмалдық, тағы да барлық халықтың сүйіспеншілігі керек. Осы мереке күні бір-бірімізге деген құрметіміз бен сүйіспеншілігімізді көрсетейік. Күллі әлемге бірлігімізді көрсетейік, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Президент бүгінде біздің толеранттылығымызды, бірлігімізді, барлығымызды тұтастырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты тамаша органның жұмысын сырттағылар оқып, үйреніп жатқанын атап көрсетті.
- Бірлік бар жерде тірлік бар» деген ата-бабамыздан қалған қағидатты ұстансақ, болашағымыз баянды болады. Жастарымыз бақытты болады. Еліміз мықты болады. Бұдан әрі де Қазақстанның дәрежесі мен мерейі арта береді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын. Барлықтарыңызға жақсылық тілеймін!, - ждеді Н. Назарбаев.