Бірлік күні Жаркентте көпбалалы отбасылар баспаналы болды

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. ПАНФИЛОВ АУДАНЫ. ҚазАқпарат – Панфилов ауданында халық бірлігінің мейрамын атап өту барысында аз қамтылған көп балалы екі отбасының мерейі үстем болып, баспанаға ие болды, - деп хабарлайды тілші.

Бірлік күні Жаркентте көпбалалы отбасылар баспаналы болды

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Жаркент қаласының орталық алаңы мерекелік сән-салтанатпен безендіріліп, әсем ән мен тәтті күй әуелей шырқалды.

Аудан әкімі Марат Рахымбердіұлы Сағымбек қала тұрғындары мен қонақтарын мерейлі мерекемен құттықтап, жазиралы Жаркент жерінде халықтар достығы мен ынтымағын нығайтуға сүбелі үлес қосып жүрген белсенді азаматтарды «Құрмет грамотасымен» және «Алғыс хатпен» марапаттады.

Сонымен қатар «Қарекет» қайырымдылық қорының Алматы облысы бойынша ұйымдастырушысы Амангелді Толамысовпен бірге Жаркент қаласының тұрғыны Фатима Жұмабаева мен Айдарлы ауылының тұрғыны Нұршат Айтбаеваға жаңа үйлердің кілттерін салтанатты түрде тапсырды.

Мерекелік шарада сондай-ақ, жаркенттік жиырмадан астам алтын құрсақты аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларын табыс етті. Қала халқының қажетін өтеу жолында қажырлылықпен қызмет етіп жүрген «Жаркент су құбыры» мекемесіне де осы заманғы озық үлгіде жұмыс істейтін бірнеше арнайы техниканың кілті салтанатты жағдайда берілді.

Мерекелік шара соңы аудан көркемөнерпаздарының көңілді концерті мен халықтық сейілге ұласты.

Нұрәділ Бегімбет