«Бірлік мерекесі ұлттарды қазақтың төңірегіне топтастыруды көздеуі тиіс» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда сәуірдің 29-ы, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Бірлік мерекесі ұлттарды қазақтың төңірегіне топтастыруды көздеуі тиіс» - республикалық басылымдарға шолу

«Кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаев мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі орын жетіспеушілігін төмендету мақсатында арнайы әзірленген «Балапан» бағдарламасының Астана қаласында жүзеге асырылу барысымен танысты», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов Елбасына аталған бағдарламада қойылған мақсаттарға жету үшін бірнеше бағыттарда жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Олардың қатарында өз мақсатында пайдаланылмаған балабақша ғимараттарын коммуналдық меншікке қайтару, жаңа балабақшалар салу, жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарынан шағын орталықтар құру, мемлекеттік тапсырыс бойынша жеке меншік балабақшалар ашу, жеке инвестициялар есебінен балабақшалар құрылысын жүргізу сияқты міндеттер бар. Басылымның жазуынша, ел Президенті Н.Назарбаев Мирзоян көшесіндегі күрделі жөндеуден өткен 240 орындық №47 «Ақ желкен» балабақшасының ашылу салтанатына қатысты. Мақала «Елбасы бүлдіршіндер қуанышына ортақтасты» деген тақырыппен берілген.

Осы жайтқа кеңінен тоқталған «Казахстанская правда» газеті «Балапан» бағдарламасы іске қосылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы балабақшалардың құрылысы барысымен танысты», деп жазады. Басылымның атап өтуінше, Елбасы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, ағымдағы жылы Астанада 10 жаңа балабақша ашылатындығын атап өткен. Сонымен қатар жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында шағын орталықтар құру қарастырылуда. Осыған орай жыл соңына дейін жалпы 30 жаңа мектепке дейінгі балалар мекемесі пайдалануға берілмек.

«Егемен Қазақстан» газетінің ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан тағайындалған Қазақстан Республикасындағы елшілерден Сенім грамоталарын қабылдады. Президентке Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Дэвид Джон Моран, Беларус Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Валерий Брылев, Иран Ислам Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Горбан Сейфи, Түркіменстанның Төтенше және өкілетті елшісі Мақтымқұлы Ақмырадов Сенім грамоталарын тапсырды.

Мемлекет басшысы еліміздің ірі сауда серіктесі болып табылатын және қазақстандық экономикаға тіке инвестиция тарту көлемі жағынан төртінші орынға ие Ұлыбританиямен ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін, Қазақстан мен Беларус ынтымақтастығы жаңа сапалы деңгейге көтерілетінін, Қазақстан Иранмен дәстүрлі достық және серіктестік қарым-қатынастарға үлкен мән беретіндігін, сондай-ақ Түркіменстанмен өзара тиімді ынтымақтастықтың одан әрі дамуына қызығушылық танытатындығын атап өткен.

Осы маңызды оқиғаға кеңінен тоқталған «Айқын» газеті бүгінгі нөмірінде «Қазақстан өз аймағының шешуші мемлекеті ретінде қалыптасты» деген тақырыппен мақала басты. Онда Елбасының «Бүгінде Қазақстанның дағдарыстан кейінгі дамуының іргетасын қалап жатырмыз. Осы жылдан бастап, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынды, бұл мойыны озық мемлекеттерімен өзара тиімді, көпқырлы ынтымақтастық үшін үлкен өріс, мол мүмкіндіктер ашады», деген сөзі берілген.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің төрағасы Қайрат Нұрпейісовті қабылдады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қ.Нұрпейісов Президентті Агенттіктің өткен кезеңдегі жұмыс қорытындыларынан хабардар етті. Әңгімелесу барысында сондай-ақ мемлекеттік қызметті одан әрі жетілдіру, кадрлар алмастыру жөніндегі жұмыстар, өңірлік тәртіптік кеңестердің қызметіне, атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығының алдын алуға және сыбайлас жемқорлықпен күреске байланысты мәселелер туралы әңгіме болды.

***

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ерболат Төлепбай. «Ғажайып мұражай салғым келеді» деген тақырыппен берілген екеуара әңгіме барысында қылқалам шебері басылым тілішісінің барлық сұрақтарына тұщымды жауап берген. Сұхбаттың толық нұсқасын басылымның жұма күнгі нөмірінен оқи аласыздар.

«Қазақстанда өткен ғасырдағы жаппай ашаршылық кезінде миллиондаған, тіпті бұрынғы КСРО халықтары арасында ең көп адам қырылған. Еуропа кеңесі Парламенттік ассамблеясының (ЕКПА) 30-шы жылдардағы жаппай аштық құрбандарын еске алу қарарында осындай болжам жасалған. Еуропалық депутаттар енді тарихи шындықты орнату үшін бұрынғы кеңес елдері үкіметтерін өз мұрағаттарын ашып, оларға отандық ғалымдармен қатар еуропалық сарапшыларды жіберуге рұқсат беруін сұрайды», деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның бүгінгі нөмірінде «Еуропа ашаршылық жайлы тарихи шындықты қалайды» деген тақырыппен берілген мақалаға тұздық ретінде тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев пен жазушы Смағұл Елубаев аталған қарарға, елімізді сол бір кезеңдерде қамтыған ашаршылық жайында өз пікірлерін білдірген.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірі 1-ші мамыр бірлік мерекесіне арналыпты. Тұтастай мерекелік нөмірге арналған газет бетінен көптеген қызықты ақпараттармен қанығуға болады. Мәселен, 4-ші бетте «Біз қазақша сөйлейміз» деген тақырыппен бүгінде тележурналистика саласында қызмет етіп жүрген Майя Веронская, Максим Николаев, Оксана Лоскутова, Анна Данченко, Юлия Кушнарева, Игорь Сахар секілді өзге ұлттың ұл-қыздарының сыр сұхбаты жарияланған. Сондай-ақ осы беттен «Қазаққа қазақша үйреткен» деген тақырыппен апалы сіңілі Татьяна мен Светлананың қазақ мектептерінде қазақ балаларына қазақша үйретіп жүрген іс-әрекеті баяндалған.

«Бірлік мерекесі ұлттарды қазақтың төңірегіне топтастыруды көздеуі тиіс» атты мақалада «Бұл ретте, 1 мамыр мерекесі, ең алдымен, ел мен жердің негізгі тұтқасы - қазақ халқының мерейін өсіруге және ел аумағындағы өзге ұлттардың қазақ мәдениетіне деген сүйіспеншілігін оятып, құрметін қалыптастыруға ықпал етсе, игі» дей келіп, Ол үшін 1 мамырда ел кинотеатрларының бәрінде қазақ кинолары көрсетіліп, мереке барысында қазақ өнерінің үлкен фестивалі өткізілсе... Сондай-ақ, республикамызды мекендейтін өзге ұлт өкілдері арасында қазақтың тілі мен тарихын, өнерін насихаттауға мүмкіндік беретін арнайы конкурс ұйымдастырылып, ол жалпыхалықтық дәстүрлі шараға айналса және оны өткізудің күллі жауапкершілігі Қазақстан халықтары Ассамблеясына жүктелсе... Мәдениет министрлігі тарапынан, еліміздегі өзге ұлттардың театрларына көрнекті қазақ драматургтерінің үздік пьесаларын сахналау ісі міндеттелінсе және 1 мамырда олар сол қойылымдары бойынша өзара конкурсқа түссе... деген ойлар айтады.