«Бірлік» партиясы екі өңірде мәслихаттар сайлауына қатыса алмайды - ОСК

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Бірлік» партиясы Шымкент қаласы мен Түркістан облысы мәслихаттары депутаттарын сайлауға қатыса алмайды. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Саяси партияларды мәслихаттар депутаттарын сайлауға қатысуға жіберуге қатысты айтар болсақ, «Ақ жол», «Ауыл», «Nur Otan», Қазақстанның коммунистік халық партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы қоғамдық бірлестіктерінің филиалдары 14 облыста, сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тіркеліп, жұмыс істеуде. «ҚР-дағы Сайлау туралы» конституциялық заңның 103-бабы 2-тармағына сәйкес, мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген партияның филиалдарына берілген. Дегенмен, «Бірлік» саяси партиясының тиісті филиалдары болмағандықтан, Шымкент қаласы мен Түркістан облысы мәслихаттары депутаттарын сайлауға қатыса алмайды», - деді Асылбек Смағұлов ОСК отырысында.

Сонымен, Орталық сайлау комиссиясы қабылдаған партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихаттар депутаттарын сайлауға қатысуға жіберу туралы қаулыға сәйкес:

- «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі,

- «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігі,

- «Бірлік» саяси партиясы» қоғамдық бірлестігі,

- «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі,

- «Қазақстанның коммунистік халық партиясы» қоғамдық бірлестігі,

- «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігі сайлауға қатысады.

Ал «Бірлік» саяси партиясы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қаласы мен Түркістан облысы мәслихаттары депутаттарын сайлауға қатыса алмайды.

Алайда, ҚР ОСК Төрағасы Берік Имашевтің атап өтуінше, «Бірлік» партиясының аталған өңірлерде филиалдарын ашып, сайлауға түсуге мүмкіндігі бар.

«Мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну кезеңі 2020 жылғы 10 қарашадан бастап, 4 желтоқсанда аяқталады. Осыған орай «Бірлік» саяси партиясының назарын осы кезеңде Шымкент қаласы мен Түркістан облысында филал ашып, оны тіркеуден өткізе алса, онда аталған өңірлерде мәслихаттар депутаттарын сайлауға қатысуға мүмкіндіктері бар екендігіне аудартқым келеді», - деді Берік Имашев.


Соңғы жаңалықтар