«Бірлік» телеарнасы отбасылық әрі ойын-сауықтық форматта болуы тиіс - Н. Ниязова
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- «Бірлік» телеарнасы отбасылық әрі ойын-сауықтық форматта болуы тиіс. Бүгін Алматыда Достық үйінде жаңа мемлекеттік «Бірлік» телеарнасын құру бойынша өткен дөңгелек үстел барысында Қазақстан татарларының «Елдаш» гуманитарлық даму орталығының төрайымы Нүрия Ниязова осындай пікір білдірді.
Дөңгелек үстелге жиналған этномәдени бірлестіктердің өкілдері жаңа мемлекеттік телеарна құру мәселелерін жан-жақты талқылады.
«Жаңа мемлекеттік телеарна құру идеясы Қазақстан халқы Ассамблеясының өткен жылы Астана қаласында қараша айында өткен медиа-форумында алғаш рет көтерілген еді. Бүгінгі талқылау соның жалғасы іспеттес. Оның үстіне Елбасы 2015 жылды - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялағаны баршаға мәлім. Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығы аясында жаңа телеарна құруға деген қажеттілік қазір үлкен! Қазақстан көпұлтты мемлекет. Біз ұлтаралық татулықты көксейміз. Олай болса, неге жаңа форматта телеарна ашпасқа? Онда ұлтаралық достықты, бірлікті және Қазақстанда тұратын халықтардың мәдениетін, тілін паш етуге болады. Сондай-ақ, елімізде қаншама интернационалдық жанұялар, Қазақстанның өркендеп дамуына үлес қосқан қаншама атақты тұлғалар бар! Міне, солар жайында қызықты, танымдық, тағылымдық бағдарламалар жасауға болады. Бұл жерде әрбір ұлт өз мәдениетін, тілін, дәстүрін паш етуге дайын! Ал бұл өте маңызды. Бұл телеарнада сонымен қатар, сонау Кеңес заманында ұлттық киностудиялар түсірген тамаша кинотуындыларды да көрермен назарына ұсынуға болады» - деді өз сөзінде Нүрия Ниязова. Бүгінгі дөңгелек үстелге жиналған этномәдени бірлестіктердің өкілдері жаңа бастаманы бірауыздан қолдады. Сонымен қатар, қатысушылар жаңа телеарнаның коммерциялық мүмкіндігі де болуы керектігін атап өтті. «Өйткені сонда ғана тың, қызғылықты, көруге тұрарлық бағдарламалар жасауға болады», - дейді олар.
Жаңа телеарна 2015 жылы құрылуы ықтимал. Қатысушылардың пікірінше, онда мемлекеттік тілмен қатар, 33 тілде хабар таратылуы мүмкін. Яғни, Алматы қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының базасында тіркелген 33 этномәдени бірлестікке көп жауапкершілік арттырылмақ.
Енді этномәдени бірлестіктердің өкілдерінен құралатын жұмыс тобы Қазақстанның өңірлерін аралап, осы тақырыпта дөңгелек үстелдер өткізбек ниетте. Кейін барлық ұсыныс, пікірлер қорытынды құжатқа жазылып, Қазақстан Президентінің Әкімшілігіне табысталмақ.