«Бірліктің, елдіктің жол картасы» жобасы аясында 550 мыңға жуық адамға нақты көмек көрсетілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бірліктің, елдіктің жол картасы» жобасы аясында 550 мыңға жуық адамға нақты көмек көрсетілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов айтты.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Соған байланысты өткен айдың 29-ы күні Елбасының арнайы Жарлығы қабылданды. Бүгінде бұл Жарлық бойынша Үкіметтің Ұлттық жоспары дайындалып жатыр. Жоспар бойынша келесі жылы нақты өтетін іс-шаралардың барлығының тізімі белгіленіп, бірліктің, елдіктің, еліміздің тұрақты дамуы аясында мемлекеттік органдардың қатысуымен осы сұрақтарды ортаға шығарып, қарастыратын боламыз», - деп атап өтті ол.
Е. Тоғжановтың айтуынша, ҚХА биылдың өзінде біраз жұмыстар атқарған. «Осы айдың басынан бастап біраз шаралар қолға алынған болатын, олардың ішінде халықаралық деңгейдегі шаралар да бар. Өздеріңіз жақсы білесіздер, өткенде ғана Лондонға барып, ҚХА-ның орталығын ашып келдік. Сонымен қатар, депутаттар АҚШ-қа барып, бірқатар лауазымды тұлғалармен кездесіп, ұлтаралық татулықтың қазақстандық моделін осы елде дәріптелуіне жол ашып келді», - деді Е. Тоғжанов.
Оның мәліметінше, 2015 жылдың қаңтарының аяғында ҚХА жылының салтанатты ашылуына байланысты үлкен іс-шара өтеді. 1 наурызда Ассамблеяның құрылған күніне орайластырылып, арнайы іс-шаралар қарастырылған. «Сонымен қатар жыл сайын сәуір айында өтетін арнайы сессиямыз да кең көлемде ұйымдастырылады. Мамыр айында бір ай бойы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына байланысты да көптеген шаралар өткізіледі. Сондай-ақ келесі жылы Конституциямыздың 20 жылдығы, соған да үлкен дайындықтар жүргізудеміз», - деді Е. Тоғжанов.
Оның мәліметінше, келесі жылдың күз айларында да үлкен фестивальдер қарастырылып отыр. Оның ішінде мемлекеттік тілге байланысты шараларға ерекше назар аударылады.
«Мемлекеттік тілді басқа ұлт өкілдерінің санасына жеткізіп, олардың үйренуге деген қызығушылығын тудыру шаралары тек күз айларында ғана емес, бүкіл жыл бойы жүргізіледі», - деп атап өтті Ассамблея Төрағасының орынбасары.
Айта кетейік, ҚХА жылының қорытындысы «Қазақстан халқы форумы» аясында аяқталады.
«Өздеріңіз білесіздер, Ассамблея бастауымен былтырғы 1 наурызда «Бірліктің, елдіктің жол картасы» жобасы қолға алынған болатын. Келесі жылдың наурыз айында осы жобаның қорытындысын шығаратын боламыз. Ол жерде көптеген әлеуметтік сұрақтарды шешуге байланысты, әсіресе аудандарымызда, ауылдарымызда материалдық көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын беру мәселесіне баса назар аударылады. Осы шара барысында 550 мыңға жуық адамға нақты көмек көрсетілген. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасын таба бермек», - деді Е. Тоғжанов.