Бірліктің нығаюына бар күш-жігерді жұмсау қажет- республикалық басылымдарға шолу
***
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Пасха мерекесімен құттықтады. Мемлекет басшысының құттықтауы «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік нөмірінде жарық көрді. Онда: «Құрметті қазақстандықтар, сіздерді Пасха жарқын мерекесімен құттықтаймын! Бүгін оны барша қазақстандықтар атап өтуде. Қазақстан - көпэтносты және көпконфессиялы ел. Біздің басты байлығымыз - халықтар мен діндер арасындағы бейбітшілік пен келісім. Бізде Наурыз, Құрбан айт, Рождество, Ораза айт, Пасханы бірге қарсы алу бұрыннан жақсы дәстүрге айналған. Қазақстан жерінде барлық этностардың мәдениеті гүлденуде және бір-бірін байыта түсіп отыр», - делінген.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Батыс Қазақстан облысына министрліктер мен ведомстволардың үлкен жұмыс тобын бастап келген Премьер-министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев алдымен тасқын су астында қалған Зеленов, Тасқала, Ақжайық, Казталов және Орал қаласы төңірегін барлай қарап, қазіргі қалыптасқан күрделі жағдаймен танысты. Осыдан кейін көшпелі мәжіліс үстінде Ө.Шөкеев батысқазақстандықтарға қолдау көрсету үшін Үкіметтің үш бірдей қаулысы шыққанын жария етті. Атап айтқанда, алғашқы қаулыға сәйкес, тасқын сумен күресте бірінші кезекте атқарылатын іс-шаралар үшін 870 миллион теңге бөлінді. Ал екінші қаулы республиканың әр облысынан 100 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінуін қарастырады. Үшінші қаулы материалдық резервтер есебінен зардап шегушілерге киім-кешектер мен азық-түлік түрінде гуманитарлық көмектер беруге жол ашады. Мақала «Қалпына келтіру жұмыстары кешіктірілмеуі тиіс» деген тақырыппен берілген.
***
Алматыдағы «Достық» үйінде Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» салтанатын атап өту бойынша құрылған Мемлекеттік комиссияның ІІ мәжілісі болып өтті. Осыған орай «Айқын» газетінде «Бірліктің нығаюына бар күш-жігерді жұмсау қажет» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Басылымның атап өтуінше, алқалы жиынға Президент Әкімшілігінің өкілдері, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, министрліктер мен ведомстволардың, Алматы қаласының басшылары және сондай-ақ бірқатар қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
«Ұлттық қауіпсіздік және Алматы қалалық Ішкі істер департаменттерінің қызметкерлері бірлесіп, 14 жасар мектеп оқушысын ұрлап әкетіп, оның әкесінен 80 мың доллар бопсалаған үш қылмыскерді ұстады», - деп жазады «Айқын» газеті «Ұрлап әкетіп... Ұсталды!» деген мақаласында. Алматыдағы бизнесменнің қызы, жетінші сыныпта оқитын Юляны бейсенбі күні сабақтан шыққан кезінде мектептің қасында үш жігіт күтіп тұрған. Олар қызды алдап көлікке мінгізіп, ұрлап әкеткен. Кішкентай қыз бұлардың сөзіне сенген. Өйткені мектепке келген жігіттердің бірі Юляның ағасының танысы болған. Оқиғаның қалай өрбігенін білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.
***
«Астана ақшамы» газетінің жазуынша, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған жолаушылар тасымалы саласына инновациялық жобаларды енгізу мақсатында теміржол билеттерін төлем терминалдары арқылы сатуды жүзеге асыруға кірісті. Жоба мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жүзеге асырылуда. Оның аясында инвестор ҚР аумағы бойынша терминалдар жүйесін орнату жауапкершілігін мойнына алады. Терминалдар арқылы билет сату 2011 жылдың 3 тоқсанында жүзеге асады деп жоспарланып отыр.
***
«Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы жаңадан тағайындалған Тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахманов бірқатар халықаралық құрылымдар басшыларына сенім грамоталарын тапсырды», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, Қ.Әбдірахманов сенім грамотасын тапсырған Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) Бас директоры Юкия Амано Қазақстанның ғаламдық ядролық таратпау және қарусыздану үдерісіндегі орасан ролін жоғары бағалады. Қазақстанмен арадағы ынтымақтастық МАГАТЭ үшін ерекше маңызға ие және қазіргі кезде өзара іс-қимылды кеңейтуге жақсы мүмкіндіктер бар.