Бірліктің, ынтымақтың, елдің іші мен сыртының бүтіндігінің арқасында жетістіктерге қол жеткіздік - Н.Назарбаев
АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - "Бірліктің, ынтымақтың, елдің іші мен сыртының бүтіндігінің арқасында жетістіктерге қол жеткіздік", - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін түнде елордадағы сайлауалды штабы орналасқан «Нұр Отан» ХДП-ның Орталық аппаратына келіп, өз жақтастары мен ниеттестерімен бірге ҚР Орталық сайлау комиссиясы жариялаған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауының алдын ала мәліметтерін тыңдау барысында.
Мемлекет басшысы өз сөзінде елімізде бірқатар шаруалардың атқарылып, индустриялық-инновациялық даму, әлеуметтік жаңару сынды бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқандығын атап өтті. Осы орайда атқарылып жатқан істердің барлығының әрбір қазақстандық қарапайым адамның шаңырағына жақсылық әкелу бағытында жасалатындығын баса айтты. «Соған, ары қарай елді бастап, халықты ұйымдастырып жүре бер деген саясатқа қолдау көрсеттіңіздер. Бірліктің арқасында, тыныштықтың арқасында, елдің іші мен сырты бүтіннің арқасында біз осындай жетістіктерге қол жеткіздік», - деді Н.Назарбаев.
Осыдан кейін сөз алған «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Елбасын барлық штаб мүшелерінің, сенімді өкілдер мен филиал қызметкерлерінің атынан сайлаудағы жеңісімен құттықтай келіп: «Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Тәуелсіз Қазақстанымыздың негізін қалаушы және Елбасы, Сізді, миллиондаған жақтастарыңыздың атынан бүгінгі ұлы жеңіспен, жалпы Қазақстанның жеңісімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіз!», - деді.