Бірнеше елдің урологтары елордадағы форумда бас қосты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада І Астаналық урологиялық форум өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірнеше елдің урологтары елордадағы форумда бас қосты

6-8 маусым аралығында өтетін шараға Қазақстан, Германия, Ресей және Грузия елдерінің білікті урологтары шақырылған. Олар 3 күн бойы саланың өзекті мәселелерін талқылап, жаңа технология дәуірінде басымдық берілетін бағыттарды анықтамақ. Мамандар секциялар барысында лапароскопия, реконструктивті урология, эндоскопиялық урология, андрология салалары бойынша тәжірибе алмасатын болады.

Форумның ашылуында сөйлеген Қазақстан урологтар қауымдастығының президенті Мырзакәрім Алшынбаев Түркістан қаласында түркі елдері урологтарының конгресі өтетінін хабарлады.

«Әлемде түркітілдес 26 мемлекет пен ұлыс бар. Солардың барлығынан білікті урологтар келіп, саланың өзекті мәселелерін талқыламақшы. Қыркүйек айында сол шараға бәріміз бір адамдай атсалысуымыз керек. Ол шараның отандық урологияның дамуына берері көп», - деді профессор.

Астана медициналық университетінің ректоры Дайнюс Павалькис елдегі урология ілімі сала-салаға бөлініп, әрқайсысы дербес дамып жатқанын атап, тұтастық қажет екенін жеткізді.

«Урология саласы біртұтас болуы шарт. Медицинасы дамыған елдерде онкологиялық урология, лапароскопиялық урология деген бөлек-бөлек ұғым жоқ. Қазақстан дәрігерлері стационарлық және емханалық маман деп бөлінбеуі керек деп ойлаймын. Сонда ғана салада біртекті даму болады», - деді ректор.