Бірнеше рет мас болып көлік жүргізген СҚО тұрғыны 600 сағат қоғамдық жұмысты істейді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көлікті басқару құқығынан айырылса да рөлге қайта мас күйде отырған ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірнеше рет мас болып көлік жүргізген СҚО тұрғыны 600 сағат қоғамдық жұмысты істейді

СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғынын жолда полиция қызметкерлері тоқтатқан. Сараптама оның жеңіл дәрежедегі мас екендігін көрсетті.

Ер адам кінәсін сотта мойындады. Сот жасалған қылмыстың ауырлығы орташа қылмысқа жататынын ескере отырып және сотталушының кінәсін мойындағанын, жасаған ісіне шынайы өкінгендігін, сондай-ақ жас балаларының болуын ескеріп жазаны жеңілдетті.

Сот ер адамды қоғамға жоғары қауіп төндірмейді және оны қоғамнан оқшауламай-ақ тәрбиелеуге болады деп санап, 600 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны тағайындады. Сотталушы бұған қоса өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылды.

«Сотталған Петропавл қаласының пробация қызметіне есепке алынды. Ол қоғамдық жұмыстардан жалтарған жағдайда, бас бостандығы шектеледі немесе әр істемеген 4 сағат үшін 1 тәулікке қамауға алынады. Ал оның қоғамдық жұмыстарды уақытында орындауын пробация қызметі бөлімінің инспекторлары қадағалайды», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Александр Кочкин.