Бірнеше сатып алулар бір ірі лотқа біріктіріледі - Қаржы министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық сатып алу қызметі жетілдіріледі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бірнеше сатып алулар бір ірі лотқа біріктіріледі - Қаржы министрлігі

«Заң жобасында орталық сатып алу қызметін жетілдіру мәселесі ескерілген. Орталық сатып алу қызмет органдары жұмыс істеп жатқан біыңғай сатып алу құрылымдары негізінде қызмет атқаратын болады. Олар республикалық, облыстық және аудандық деңгейлерде іске асырылады. Қазіргі уақытта бірыңғай сатып алу органдары арқылы сатып алынатын тауарлар, қызметтер бойынша әрбір облыстық әрі аудандық әкімдік өз тізбесін бекітеді. Орталық сатып алу қызмет органдарының бірыңғай жұмыс істеуі мақсатында Қаржы министрлігі олардың сатып алуларын айқындайтын болады», - деді министр.

Осылайша, орталық сатып алу қызметтерінің жұмыстары нақты белгіленеді.

«Бұдан басқа, заң жобасында бірнеше сатып алуларды бір ірі лотқа біріктіруге мүмкіндік беретін нормалар көзделген. Бұл сатып алуды стандарттауға және бизнестің өндірістік қуаттарын ауқымды көлемде жүктеуге мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Қаржы министрі мемлекеттік сатып алулар саласындағы проблемаларды атаған болатын.