Біртанов ауруханаларға дәрі-дәрмектің жеткізілмеу себебін түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өңірлерге дәрі-дәрмек жеткізудің кешеуілдеу себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Біртанов ауруханаларға дәрі-дәрмектің жеткізілмеу себебін түсіндірді

«Жыл басынан мониторинг жүргізіп, белгілі бір мерзімде қай өңірде жетіспеушілік болуы мүмкіндігін алдын ала білу керек еді. Елжан Амантайұлы, бұл тұрғыда жұмыстарды күшейту қажет. Жыл сайын желтоқсанда дәрі-дәрмек жеткізілетінін білеміз. Ағымдағы жылы кешігіп жатырмыз. Себебі не?», - деп сұрады Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Денсаулық сақтау министрінен.

Өз кезегінде Біртановтың түсіндіруінше, заңнамалық тұрғыда орталықтандырудың жаңа моделі бекітіліп, бірқатар нормативтік құжаттар кеш қабылданған. «Сол себепті осындай жағдай орын алып отыр», - деді министр.

«Енді не болмақ? Жылдың басында өңірлерде дәрі-дәрмек бола ма?», - деп нақтылап сұрады Премьер-Министр.

Министрдің айтуынша, қалдық дәрі-дәрмектерге сараптама жасалған. көптеген дәрілердің жеткілікті қоры бар.

«Отандық өндірушілер шығаратын дәрілер тікелей келісімшарт бойынша жеткізіледі. Конкурс арқылы сатып алатын дәрі-дәрмек қана қалып отыр. Осыған байланысты сатып алулар ережесіне өзгерістер енгізуді сұраймыз. Сол кезде қаңтардың басында барлық дәрі-дәрмектер жеткізілетін болады», - деді Біртанов.