Біртанов IT-компаниялармен халықтың электронды паспортын енгізуге мәселесін талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Электронды денсаулық сақтау республикалық орталығында Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру мәселелері бойынша IT-компания өкілдерімен кездесті, деп хабарлады ҚазАқпаратқа ведомствоның баспасөз қызметінен.  

Біртанов IT-компаниялармен халықтың электронды паспортын енгізуге мәселесін талқылады

Министр өз сөзінде Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты ел халқына Жолдауында  денсаулық сақтау жүйесін қажетті ақпараттандырумен қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмаларын орындау қажеттілігін атап өтті.

Кездесу барысында ҚР ДСМ-нің қолданыстағы ақпараттық жүйелерін сыртқы медициналық жүйелермен біріктіруге, халықтың электронды паспортын енгізуге, сонымен бірге, дәрігердің жеке кабинетін әзірлеуге мүмкіндік беретін Интероперабельділік платформасын енгізу бойынша жоба таныстырылды.

Отырыста бизнес қауымдастықтары мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы ынтымақтастық, денсаулық сақтау жүйесін ақпараттандыру сервистік үлгілері, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесін ақпараттандыру қызметін реттеуге негізделген қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу мәселелерін талқылады.

Жуырда ҚР ДСМ, ЭДСРО және мүдделі IT-компаниялардың өкілдері кіретін Сарапшылар кеңесі құрылатын болады. Сонымен қатар, министр барлық медициналық ақпараттық жүйені әзірлеушілерге министрлік жүйелерімен әрі қарай біріктіру мәселелерін анықтау мен кеңес беру мақсатында Интероперабельділік платформасын таныстыру бойынша тапсырмалар берді.