Біртанов: Минингококк жұқтырған қызды қабылдамаған аурухана министрлік бұйрығын бұзған
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов менингитке шалдыққан қыздың Талғардан Қаскелеңге жеткізілгенше көз жұмуына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетейік, бүгін министр Алматыға жұмыс сапарымен келген болатын.
«Медициналық көмек көрсету жайына келсек. Иә, Премьер-Министр тарапынан да сын айтылды. Облыстан келген науқастарды қабылдамау туралы проблема бұрыннан бар. Бұл жерде ҚР ДСМ медициналық қызмет көрсету турылы бұйрығы бұзылған. Ауыр науқастар шұғыл түрде жақын арада орналасқан ауруханаға жеткізілуі керек. Науқастың жағдайы тұрақтанған соң ғана басқа мекемеге ауыстыруға рұқсат етіледі. Адамдар тұрғылықты мекенжайы түгілі азаматтығына қарамастан жақын ауруханаға жеткізілуі тиіс», - деді министр.
Оның айтуынша, науқастарды ем-домға жатқызуға қатысты Денсаулық сақтау басқармасы өзінің ішкі бұйрығын қабылдаған. Е.Біртанов министрлік пен басқарманың құжаты неліктен сәйкеспейтіндігін айта алмады.
«Жалпы өңірлік денсаулық сақтау басқармасының жұмысын қанағаттанарлықсыз деп санаймын. Ауруханалар мен жедел жәрдемнің жұмысын ұйымдастыру үшін әр территориалды бірлік өзінің ішкі бұйрығын шығарады. Өздеріңіз білесіздер, Алматыда шекараны белгілеу өте қиын. Бұл мәселе негізі бұрыннан бар. Шешімі іздестіріліп жатыр. Жаңа бұйрыққа сәйкес өзгеріс неге енгізілмегені тексерілетін болады», - деді министр.
Еске салайық, Алматы облысында менингококк жұқпасынан көз жұмған 19 жастағы бойжеткенді жедел жәрдем Талғар қаласынан Қаскелеңге жеткізбек болған. Қыз екі сағатқа созылған жолда көз жұмды.
Жедел жәрдемнің жұмысын қалың көпшілік сынға алған еді.
Сондай-ақ, мұны Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев та министр Елжан Біртановтың бетіне басқан болатын. Айтылған сын-пікірден соң министр Алматы аймағына ресми сапармен шыққан еді.
Ведомство басшысы өңірдегі бірқатар жұқпалы аурулар және клиникалық ауруханаларды аралап, жай-күйін тексерді.
Министр сонымен қатар, Қаскелең жұқпалы аурулар ауруханасын жабу туралы шешім қабылданатынын айтты.
Ал аурухананың бас дәрігерін кәсіби біліктілігінің төмендігіне байланысты әкімшілік жазаға тартуды ұсынды.