Біртұтас ұлт идеясы қазақ кім деген сұраққа жауап іздеуді алға шығарып отыр - Нұртөре Жүсіп

Бұл туралы кеше Алматыда өткен «Алдаспан» ашық пікірсайыс алаңының екінші отырысында айтылды.
«Біртұтас ұлт идеясы жүзеге асу үшін қазақ ұлты өзге ұлыс өкілдерін өз бауырына тартып, бір азаматтыққа қадам жасау керек. Қазақ болу тіл тұтастығына жол ашады. Ал бір ұлт болып, бір тілде сөйлеген адамның адамның мұңы да, арманы да, мақсаты да бір. Бір ұлт болу Қазақстан халқын қазақ мәдениетінде тәрбиелеу мәселесін алға шығарады", - дейді "Айқын" газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп.
Оның айтуынша, қазақ мәдениетінде халықты тәрбиелеу деген мәселеге бірінші кезекте қызмет ететін бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) қызметкерлері болуға тиіс. Өкінішке қарай орыс және қазақ тілді БАҚ деген бөлініс көп жағдайда бізді екіұдайға алып келіп отыр. Мысалы, Алаш партиясының тоқсан жылдық мерейлі датасы орыс басылымдарында тиіп-қашты ғана көрсетілді. Абай, Қасым және тағы басқа ақын, жазушылардың мерейтойлары там-тұмдап берілді. Осылайша басқа ұлыс өкілдері қазақ мәдениетінен, әдебиетінен қалыс қалуда. Нұртөре Жүсіптің сөзіне қарағанда, оны шешудің бірден-бір жолы, мәселен, радио мен телеарналардың жиіліктерін бергенде тәуліктің 24 сағатының кемінде 16 сағаты қазақтың әні мен сазын, дәстүрін дәріптеп, насихатталуға арналады деген сияқты талап қойылуы керек. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс бергенде де халықты қазақ мәдениетінде тәрбиелеуге мән берілуі тиіс.