Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі өзін-өзі ақтап отыр, тек енді оны жетілдіре түсу қажет - БҚО
ОРАЛ. 28 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі өзін-өзі ақтап отыр, тек енді оны жетілдіре түсу қажет. Бұл туралы осы мәселеге арналып, Оралда өткізілген кеңесте айтылды.
Жиынға қатысқан ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиеваның атап өткеніндей, аталмыш жүйенің енгізілуі денсаулық сақтау саласында бәсекелестік ортаның орнығып, емдеу сапасының артуына оң әсер етті. Қазіргі кезде, бұрынғыдай орташа бағамен емес, емделіп шыққан әр адам үшін медициналық мекемелерге төленуде. Олардың бәріне де тең жағдай туғызылды. Әр емделуші аурухананы, мейлі ол өңірде болсын, орталықта болсын, өзі таңдай алады. Сондықтан әр мекеме өз қызметін жақсартпайынша, табысқа қол жеткізе алмайды. Ендігі мақсат - аталмыш жүйенің кейбір тұстарын медицина мамандарымен ақылдаса отырып, жетілдіру, алдағы жылға мақсат-міндет белгілеу.