Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры активтерінің 20 пайызы шетелге инвестицияланбақ

АСТАНА. 9 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстан алдағы 3-5 жылдың ішінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (БЖЗҚ) активтерінің 20 пайызын шетелге инвестициялауды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко мәлім етті, деп хабарлайды Халықтық IPO бағдарламасының ресми сайты Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры активтерінің 20 пайызы шетелге инвестицияланбақ

«Жинақтаушы зейнетақы қорларының портфеліндегі шетелдік бағалы қағаздардың үлесі қазір шамамен 10 пайызды құрайды. Бұл жерде жариялы-құқықтық ұйымдар шығарған әрі халықаралық қор биржаларында акциялар мен облигациялар түрінде сатылып жатқан бағалы қағаздар жайлы әңгіме болып отыр. Зейнетақы активтері жеке инвестициялар мен хеджингтік қорлар тәрізді баламалы құралдарға инвестицияланбайды», - деді Г.Марченко Reuters агенттігіне берген сұхбатында.
Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы қазіргі таңда Ұлттық қордың активтері шетелге инвестицияланып жатқанын, алайда уақыт өте келе ол қаржының бір бөлігі Қазақстандағы қолданыстағы жобаларға салынуы мүмкін екенін айтты. «Бұл ЖЗҚ-ға тиесілі шетелдік бағалы қағаздар үлесінің ұлғаюына алып келуі мүмкін», - деп қосты ол.