Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры коммерциялық емес ұйым болып табылатын акционерлік қоғам түрінде құрылатын болады

АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры коммерциялық емес ұйым болып табылатын акционерлік қоғам түрінде құрылатын болады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» жаңа редакциядағы заң жобасын таныстыру барысында мәлім болды.
None
None

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовтің айтуынша, заң жобасы еліміздегі зейнетақымен қамсыздандыру заңнамасын жетілдіруге бағытталады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жинақтаушы зейнетақы жүйесінің институционалды базасын дамыту көзделеді.

«Бұл ретте бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру қарастырылған. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын акционерлік қоғам түріндегі Қордың бірден-бір акционері Қазақстан Үкіметі болады. Ал, қорды құру салымшылардың жеке зейнетақы шотттарын басқару жөніндегі қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталады. Осыған байланысты қорда салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының жүйесі сақталатын болады»,-деді министр.

Заң жобасына сәйкес қордың негізгі функциясы міндеті зейнетақы салымдары, ерікті кәсіби зейнетақы салымдары мен ерікті зейнетақы салымдарын тарту болып отыр. Сондай-ақ, министрдің айтуынша, зейнетақы салымдарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Қордың зейнетақы активтерін сақтауды Қазақстанның Ұлттық банкі жүзеге асыратын болады.

Соңғы жаңалықтар