Бірыңғай жинақтық төлем салығы туралы нені білу керек
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар биылдан бастап біріңғай жинақтық төлем салығын төлейді. Ол өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерге аз қаржымен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Азаматтар жаңа салық жайында нені білуі керек? Біз осы тақырып төңірегіндегі негізгі сауалдарды жинақтап, жауап беруге тырыстық.
Бұл салықты кімдер төлейді?
Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар. Ол жұмысшы жалдамай, өзі түрлі қызмет көрсетіп жүрген жеке тұлға болуы тиіс. Бұл топқа үй шаруасымен айналысып отырған әйелдер, бала күтуші, отбасылық көлік жүргізуші, таксист, пәтерін жалға беретін азаматтар, қосымша шаруашылық қожайындары кіреді.
БЖТ төлеушілер табысының шектік мөлшері қандай?
Жылдық алғашқы табысы 1175 АЕК аспауы керек. 2019 жылы ол 2 966 875 теңге болады. Егер пайда осы сомадан жоғары болса, азамат БЖТ төлеушілердің қатарына кірмейді.
Біріңғай жинақтық төлемнің көлемі қандай?
Қала тұрғындары үшін оның сомасы 1 АЕК аспайды, яғни 2 525 теңге. Ауылды жерлердегі тұрғындар үшін 0,5 АЕК, немесе 1263 теңге.
Төленген қаржы қайда түседі?
Мемлекеттік корпорацияның банктік шотына түседі де, үш күнде үш қорға бөлінеді: зейнетақы, әлеуметтік сақтандыру және медициналық сақтандыру. Азамат тіркелген жердегі салықтық органға табыс салығы да аударылады.
Жиналған ақша БЖТ қатысушылар арасында қалай бөлінеді?
Қаржы пайыздық үлес бойынша бөлінеді:
- 30% зейнетақы қорына;
- 40% медсақтандыруға;
- 20% әлеуметтік сақтандыру қорына;
- 10% табыс салығын төлеуге.
Маған Міндетті медициналық сақтандыру қорынан не пайда?
Сіз медициналық сақтандыру жүйесіне қатысасыз. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында медициналық қызмет көрсетіледі. Ал МӘМС пакетіне кіретін медициналық қызметтің тізімі дайындалуда.
Медсақтандыру жүйесіне қатысқан уақыт пен жиналған қаржының көлемі маңызды ма?
Жоқ. Өзге қорларға қарағанда, медициналық сақтандыру қоры жинақтаушы болып есептелмейді. Төленген БЖТ ақшасы бір айға жарамды. Адам осы уақыт аралығында сақтандырылады. Қор үшін БЖТ
1 қаңтарда немесе 15 қаңтарда төленді ме, айырмашылығы жоқ. Төлеуші сол айдың соңына дейін ғана сақтандырылады, яғни 30 қаңтарға дейін.
БЖТ бір жылға алдын ала төлеуге бола ма?
Жоқ. БЖТ қатысушылары алдын ала бір жылға төлем жасай алмайды, бірақ, олар бір тоқсанға толық төлем жасауына болады. Мұндай мүмкіндік заң жүзінде қаралған. Сонымен қатар, БЖТ салымшылары өз беттерінше де төлем жасап, өздері МӘМС қатысушы ретінде тіркеле алады. Мұндай жағдайда бір жылға алдын ала төлем жасауға болады. Олар айына 1 АЕК 5 пайызын немесе 2 125 теңге төлейді. Егер 12 айға көбейтсек, жылына 25 500 теңге шығады.
БЖТ қалай төленеді?
БЖТ қолма-қол ақшамен және электрондық түрде төлеуге болады:
- Терминалмен;
- Екінші деңгейлі банктер;
- Қазпошта.
БЖТ төлеушілердің жеке кәсіпкерлерден артықшылығы не?
- Ең төменгі тариф. БЖТ бойынша төленетін сома жеке кәсіпкер немесе дербес салық төлеуші аударатын ақшадан айтралықтай аз;
- Уақытты үнемдейсіз. Төлеушілер ақшаны бірнеше қорға бөліп, уақыт жоғалтпайды, олар үшін мұның бәрін Мемлекеттік корпорация жасайды;
- Оңай және қарапайым төлем түрі;
- ЖК ретінде тіркелудің қажеті жоқ. Декларация тапсыру, есепші жалдау керек емес, салық органы айыппұл салады деп қауіптенбейсіз.