Бірыңғай жиынтық төлемнің қолданылу мерзімі аяқталуға жақын
Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) бастапқыда 5 жылға (2019 жылдан 2023 жылға дейін) уақытша енгізілген. Бұл төлемді жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, егер олар тек жеке тұлғаларға қызмет көрсетсе және олардың жылдық табысының сомасы 4 млн.теңгеден аспаса төлей алатын.
БЖТ енгізудің негізгі және жалғыз мақсаты - өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне тарту. Сондықтан бұл төлемдері төмен жеңілдік кезеңі болды. Бұл кезең аяқталады.
Қазір, өздеріңіз білетіндей, жеке тұлғалардың табыстарын декларациялау кезең-кезеңімен енгізілуде, онда табыстардың мөлшерін көрсету қажет. Бұрын кәсіпкерлік қызметті тіркемеген азаматтар енді кәсіпкер ретінде тіркеліп немесе жалдамалы қызметкер болып жұмыс жасауы керек. Таңдауы өз еркінде.
Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда тиісті салық режимін таңдайды.
Жеке қызметтерді көрсету кезінде ең тиімдісі - «e-Salyq Business» арнаулы мобильді қосымшаны пайдаланылатын салық режимі болып табылады. Ол чек беруге мүмкіндік береді, сіздің орныңызға салықтар мен төлемдерді есептейді, декларация ұсынылмайды.
Бюджеттің төлемі алынған кірістен 1% құрайды, бұл жеке табыс салығының ставкасы. Жеңілдікті санаттарға жатпайтын кәсіпкердің әлеуметтік төлемдерінің ең төменгі сомасы 14 350 теңгені құрайды. Бұл кәсіпкердің пайдасына жасалатын төлемдер.
Міндетті зейнетақы жарналары, олар бұл жағдайда 7 000 теңгені құрайды, кәсіпкердің БЖЗҚ-дағы жеке шотына аударылады және оның зейнетақы жинақтарын қалыптастырады.
Әлеуметтік аударымдар 2450 теңгеге тең, олар сондай-ақ әрбір тұлға бойынша дербес ескеріледі және әлеуметтік төлемдердің мөлшерін айқындайды. Мысалы, декреттік демалысқа шыққанда.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар-4900 теңге. Бұл қажет болған жағдайда медициналық мекемелерге кедергісіз жүгіну мүмкіндігі үшін төлем болып табылады.
Ағымдағы жылы интернет-платформаларды пайдалана отырып, қызмет көрсететін тұлғалар үшін салық міндеттемелерін орындауды жеңілдету мақсатында «платформалық жұмыспен қамту» пилоттық жобасы іске асырылуда. Жоба шеңберінде жеке кәсіпкер үшін салықтарды ұстап қалуды және төлеуді интернет-платформа жүргізетін болады.