Біржан Нұрымбетов өндірістік жарақат жағдайы жиі тіркелетін өңірлерді атады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, мұндай жазатайым жағдайлар Ақмола, Жамбыл облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында жиі байқалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Біржан Нұрымбетов өндірістік жарақат жағдайы жиі тіркелетін өңірлерді атады

«Осы жылдың 10 айында өкінішке қарай өндірісте 1 169 адам зардап шегіп, оның ішінде 129 адам қайтыс болды. Бұл 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13 және 23 пайызға төмен. Экономика саласы бөлігінде жарақаттың жоғары деңгейі тау-кен металлургия мен құрылыс саласында сақталуда. Өндірістік жарақаттың өсуі Ақмола, Жамбыл облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында байқалады», - деді Біржан Нұрымбетов.

Министр белгіленген мәселелерді шешу үшін қандай шаралар қолданылып жатқанын айтып өтті.

«Еңбек инспекторларының талабы бойынша еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ережелерді бұзғаны үшін 47 лауазымды адам атқарып отырған қызметінен босатылды. 11 құрал-жабдық, 2 өндірістік нысан мен 7 ұйымның жұмысы тоқтатылды. 821 іс құқық қорғау органдарына беріліп, оларға қатысты 116 қылмыстық іс қозғалды. Бүгінгі күні 2 300 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі халықаралық және ұлттық стандарттарды енгізген. 15 мыңнан астам кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер жұмыс істеуде», - деді ол.

Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, министрлік маусым айында Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен өндірістік жарақатты азайтуды ілгерілету бойынша меморандум жасасқан. Оның негізгі мақсаты – жазатайым оқиғалар мен зиянды еңбек жағдайы бар жұмыс орындарының санын қысқарту.

«Алайда бүгінгі таңда 117 кәсіпорын ғана тұжырымдамаға қосылды. Осыған байланысты әлеуметтік әріптестерді аталған тұжырымдамаға белсенді түрде қосылуға шақырамыз», - деді Біржан Нұрымбетов.

Еске сала кетсек, Үкімет басшысы жалақыны бермеудің жұмыс беруші үшін тиімсіз болатындай етіп заңнама нормаларын күшейтуді тапсырды.