«Біржан - Сара» операсы көрерменге жаңа редакцияда жол тартады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Композитор Мұқан Төлебаевтың «Біржан- Сара» операсы «Астана Опера» театрында 2018 жылдың наурыз айында жаңа редакцияда көрсетілетін болады. Бұл туралы театр директоры Ғалым Ахмедияров театрдың бесінші маусымын таныстыру барысында мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Директордың айтуынша «Астана Опера» театрының бесінші маусымы 20 қазанда басталады. Жаңа маусымда театр көрермендері сахнадан Адольф Аданның «Корсар» балетін, Мұқан Төлебаевтың «Біржан - Сара» операсы мен П.Чайковскийдің «Пиковая дама» операсын тамашалай алады.
Айта кетерлігі, аталғандардың ішінде «Біржан- Сара» операсы редакцияланып барып көрсетілмек.
«2018 жылдың наурыз айында «Біржан Сара» операсын жаңа қалыппен көрсеткіміз келеді. Сахна және көркемдік тұрғыдан операға өзгерістер енгізіледі», - дейді театр директоры.
Ал «Астана Опера» театры директорының бірінші орынбасары Төлеубек Әлпиев «Біржан - Сара» операсын неліктен жаңартылғалы жатқанын тілге тиек етті.
«Заман да, технология да өзгерді. Мысалы, бір ғана Абай театрында «Біржан Сара» осы уақытқа дейін 70-80 рет қойылған болар. Бұл операға басқа көзбен қарап, жаңа редакциямен шығарайын деп жатырмыз. «Біржан Сара» кеңес замамында жазылған опера екенін білесіздер. Ол кездегі идеология бойынша молдаларды мазақтап көрсеткені белгілі. Ал қазір операны жаңа редакиямен, жаңа көзқараспен көрсетуді көздеп отырмыз», - дейді Төлеубек Әлпиев.
Фото https://astanaopera.kz/