Биші сатушылар Ханойдағы базарлардың сәнін келтірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Вьетнам астанасы Ханойдағы базарда биші сатушылар пайда болды.
Арнайы фитнес залына уақыты мен ақшасы жетпейтін қыз-келіншектер тура жұмыс орнында жаттығулар жасауды әдетке айналдырған, деп хабарлайды 24.kz.
Ханой орталығында Хоанкьем деп аталатын көл бар. Мұнда таңертеңгілік ондаған адам жүгіріп, йогамен немесе гимнастикамен айналысады. Біреулері жападан-жалғыз шұғылданғанды жөн көрсе, кейбірі бір топқа біріккен. Жергілікті базардағы қыз-келіншектердің спортпен айналысуға мүлде мүмкіндігі жоқ. Себебі сауда таңсәріден басталады. Бірақ бірнеше әйел тапқырлық танытқан. «Біз қатты шаршаймыз. Материалдық проблемаларымыз бастан асады. Ойлайтынымыз тек ақша ғана. Сондықтан осы жұмыс орнында шұғылдануға тура келеді», дейді 58 жастағы сатушы Нгуен Тхи Нга.
Осылайша сатушылар базарды би мен спорт алаңына айналдырып жіберді. Әйтпесе көптеген әйелдер «күні бойы отырғаннан арқамыз ауырады» деп жиі шағымданатын. Тіпті алдарына келген клиенттер де қарап тұрмай, қоса қимылдай кетеді. Вьетнам астанасындағы спортзалда шынығу бағасы айына 30-дан 150 долларға дейін жетеді. Ал бұл соманы төлеуге сатушы әйелдердің шамасы жоқ. Себебі олардың жалақысы 250 долларды ғана құрайды.