Биші, үрмелі аспап маманы мен цирк әртістеріне арнайы төлем қосу ұсынылды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәдениет және спорт министрлігі еңбек өтілі 20 жылдан асқан және зейнет жасына толғанға дейін биші, үрмелі аспап маманы мен циркте істеген әртістерге ай сайын ақшалай төлем беруді ұсынды. Бұл туралы ведомство жариялаған реттеушілік саясаттың консультативтік құжатында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кәсіби еңбек өтілі кемінде 20 жыл болған және зейнеткерлік жасқа толғанға дейін балет әртісі лауазымында еңбек еткен өнер адамы ай сайын арнайы ақшалай төлем алуға құқылы. Оның мөлшері соңғы 3 жылдағы орташа айлық жалақысының кемінде 60%-ын құрайды. Дегенмен, республикалық бюджетте қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 109 еселенген мөлшерінен аспайды», - деп жазылған құжатта.
Осыған байланысты мемлекеттік ұйымдарда қызмет ететін үрмелі музыкалық аспаптарда ойнайтын мамандар, цирк әртістері мен би ансамбльдерінің мүшелері жиі шағым айтады. Себебі, олар осындай көмек алатын қызметкерлер санатына жатпайды. Сондықтан, министрлік заңнамаға түзету енгізу арқылы ай сайын арнайы ақшалай төлем алатын мамандар қатарына осы әртістерді кіргізуді ұсынады.
«Белгілі бір жасқа жеткенде әртістердің бұл санатындағы көптеген адамдар физиологиялық және эстетикалық сипаттағы ерекшеліктеріне байланысты зейнеткерлік жасты күтпестен кәсіптен кетеді. Өйткені, 20-25 жылдық қызметтен кейін олар кәсіби ауруларға шалдығады. Мысалы, үрмелі аспап әртістері жақ-бет бұлшықет ауруларына шалдығады. Би ансамбльдері әртістерінің кәсіби қызметі күрделілігі жағынан балет әртістерінің жұмысынан еш айырмашылығы жоқ. Цирк әртістері түрлі акробатикалық жаттығуларды орындайды. Бұл олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді», - делінген министрлік ұсынысында.