Бишілер ең тұрақсыз жұбайлардан болып шықты
АСТАНА. Желтоқсанның 8-і. ҚазАқпарат - The Daily Telegraph басылымы бишілердің мал дәрігерлеріне қарағанда төрт есе жиі ажырасатынын - ұйымдастыру психологиясы саласындағы маман Майкл Амодттың зерттеу нәтижелері осындай нәтиже бергенін жазады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Лента.ру сайтына сілтеме жасап.
Амодт мамандықтардың және жұбайлардың ажырасу ықтималдығы арасындағы байланысты зерттеді және бишілер мен хореографтардың бәрінен жиі ажырасатынын анықтады: олар үшін шаңырақтарының күйреу ықтималдығы 43 пайыздан жоғары. Одан кейінгі орындарды бармендер мен массажшылар (38 пайыздан жоғары), дәрігер-психиатрлар мен күтушілер, сондай-ақ спорт және ойын-сауық индустриясының қызметкерлері (29 пайыз) иеленеді.
Ажырасу көзқарасы тұрғысынан ең «қауіпті» мамандар тізіміне, сондай-ақ даяшылар, аспазшылар, үй қызметшілері, тасушылар, консьерждер, шатыр жабушылар және телефондарды сату саласындағы мамандар енеді.
Ауыл шаруашылығы өндірісінің инженерлері ажырасуға бас қатырмайтындардан болып шықты - олардың жағдайында ажырасу ықтималдығы небәрі 2-ақ пайызды құрайды. Оптика мамандарының, дантистердің, ортопедтердің және діни қызметшілердің ажырасу ықтималдығы 7 пайыздан аспайды. Мұғалімдердің, мал дәрігерлерінің және жерлеу рәсімі бюросында жұмыс істейтіндердің ажырасуы да сирек. Математиктер мен хатшылардың неке бұзу ықтималдығы шамамен 20 пайызды құрайды.
Мамандығы бойынша қарым-қатынас жасасу және байланыс орнату мүмкіндіктерін пайдалана отырып, басқа адамдармен жиі араласатындардың және басқаларға қамқорлық танытатындардың ажырасу ықтималдығы да жоғары болып шықты. Айталық, күн сайын қыруар адамдармен кездесетін дантистер мен оптика мамандарының қабылдауға келушілермен сөйлесуге уақыттары жоқ болғандықтан, осы мамандық иелерінің ажырасу үлесі де төмен екенін көрсетті.