Бишімбаевтың ісі бойынша негізгі сот талқылауы қашан өтетіні белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының соты бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты негізгі сот талқылауы қашан өтетінін жариялады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Бишімбаев пен осы іске қатысты өзге де адамдардың ісі бойынша негізгі сот талқылауы 7 қарашада өтеді. Отырыс сағат 10:00-де басталады. Талқылау ашық сот отырысы тәртібінде өтеді», - деп хабарлайды қалалық соттың баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың 10 қаңтарында  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын хабарлаған болатын. Ұлттық бюродан мәлім еткендей, ол бірқатар адаммен алдын ала келісіп, ірі көлемде бірнеше мәрте пара алды деп айыпталуда.

Бишімбаев Қызылорда қаласында әйнек шығаратын және өңдейтін зауыт салу барысында «Orda Glass» ЖШС-ның ведомстволық бағыныстағы компаниясы мен оның мердігерлік ұйымы «Шымкентхиммонтаж» ЖШС арқылы  1 млрд теңге жымқыру қылмыстық схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінді. 12 қаңтар күні Астана қаласы Алматы аудандық №2 соты Қуандық Бишімбаевқа қатысты оны «қамауға алу» туралы санкция берді. Тергеу нұсқасы бойынша, Бишімбаев заңсыз жолмен алған ақшалай қаражаттарын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

Бишімбаев Президенттің Жарлығымен 2016 жылдың 28 желтоқсанында министр қызметінен босатылды. Ол бұл лауазымда сегіз ай жұмыс істеді. 2013 жылдың 30 мамырынан 2016 жылдың 5 мамырына дейін «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ-ның басқарма төрағасы болды.

Соңғы жаңалықтар
telegram