Бішкек қаласының жанында лаңкестік топты жою үшін арнайы операция жүргізілуде
БІШКЕК. 5 қаңтар. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Бүгін күннің екінші жартысында Бішкек қаласының сыртында, Арашан ауылында Қырғызстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің үш қызметкерін өлтірді деген күдіктілерді қолға түсіру бойынша Қырғызстан арнайы қызметінің операциясы басталды.
Естеріңізге сала кетейік, 4 қаңтар күні кешке Бішкек қаласында автоматты қарудан үш милиционерді атып кеткен болатын. Радикалдық ислам тобына ауыр қылмысты жасады деген айып тағылып отыр, олардың 2010 жылдың желтоқсан айында Спорт сарайының жанында болған жарылысқа қатысы болуы да мүмкін.
Бүгін Шу облысы Аламүдін ауданы Арашан ауылына жақын жердегі саяжай бірлестігі ауданының маңында күш құрылымдары қызметкерлері қылмыскерлер тобын тапты. Қылмыскерлер бос тұрған үйге тығылып, қатты қарсылық білдірген. Атыс кезінде «Альфа» арнайы бөлімшесінің қызметкеріне оқ тиіп, көз жұмды.
Қырғызстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, лаңкестікке қарсы орталықтың директоры Марат Иманқұлов «24.kg» агенттігіне жиһадшылар тығылған үйде жарылыс болғанын хабарлады. Алдын ала ақпарат бойынша, қылмыскерлердің бірі өзін жарып жіберген. «Біз үш қылмыскерді алып шықтық. Олардың екеуі өлтірілді. Үйдің ішіне әлі кіре алған жоқпыз. Ғимарат жанып жатыр», - деп атап өтті Марат Иманқұлов.
Бішкектің өзінде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, құқық қорғау органдарының қызметкерлері күшейтілген кесте бойынша жұмыс істеуде.