«Бішкек-Мәскеу» жолаушылар пойызында есірткінің ірі партиясымен ресейлік азамат ұсталды
АҚТӨБЕ. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - «Бішкек-Мәскеу» жолаушылар пойызында есірткінің ірі партиясымен 32 жастағы ресейлік азамат болып табылатын әйел ұсталды,
деп хабарлады көліктегі Батыс Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен.
Департаменттің есірткі бизнесімен күрес жөніндегі басқармасының қызметкерлері әлгі әйелді иісшіл иттің көмегімен жедел-іздеу шараларын жүргізу барысында ұстады.
Атап айтқанда, Қырғызстанда туып-өскен, бірақ қазір Ресей азаматы болып табылатын әлгі әйелден 3 келіге жуық гашиш және 1 келі героин салынған екі түйіншек табылды. Есірткіні ол Ресейдің Самара қаласына апара жатқан. Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, қазір тергеу шаралары жүргізілуде.