Бішкек орталығында белгісіз біреулер көлікке оқ жаудырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бішкек орталығындағы Исаев көшесі мен Чүй даңғылының қиылысында белгісіз біреулер көлікке қарата оқ атты. Бұл туралы КирТАГ агенттігі хабарлады.
Оқиғаның куәгерлері екі рет оқ атылғанын естіген. Қалалық ІІБ-да оқиға туралы толыққанды ақпарат бермеді.
«Онда атыс-шабыс болған жоқ. Жүріп бара жатқан көлікке қарай оқ атылды. Оқ атқандар қаруларын тастап, оқиға орнынан ізін жасырды. Алдын ала шамалау бойынша, ешкім зардап шеккен жоқ. Нақты ақпарат кейінірек беріледі», - деп хабарлады Бішкек қалалық ІІБ баспасөз қызметінің бастығы Олжобай Қазабаев.
Куәгерлердің айтуынша, бұған дейін қоршауға алынған оқиға орны ашық, полиция жасақтары кетіп қалды.
Әлеуметтік желілерде «бұл ресейлік бизнесменге қастандық жасау әрекеті болуы мүмкін» деген тексерілмеген ақпарат пайда болды. Алайда бұған ешқандай ресми дәлел жоқ.