Бішкек-Ош күре жолындағы апат: 8 тонна авиакеросин өзенге төгілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бішкек-Ош трассасында бензин тасымалдайтын көлік аударылып, 8 тонна авиакеросин жол мен өзенге төгілді. Бұл туралы КирТАГ Қырғызстан ТЖМ-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Жол-көлік апаты 25 қарашада Жайыл ауданындағы автожолдың 120 шақырымында шамамен 17:45-те болған.
«Ешкім зардап шеккен жоқ. Оқиға орнында апат салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады мекемеден.
«Үсенов» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі бензин тасымалдайтын көлік Ош қаласына бет алған. Қозғалыс барысында тіркеме ажырап қалған және шамамен 7-8 тонна керосин жол мен Абла өзеніне төгілген. Автокөлікте 38 тонна керосин болған.
Сосновка мен Талды бұлақ елді мекендеріндегі тұрғындардыы қорғау мақсатында су іркуіш құрылыстары уақытша жабылды. 26 қараша күні Абла өзенінің суынан тағы да сынама алынып, сараптамаға жіберіледі.