«Бішкек саммиті жаңа мүшелер қабылдауға әзір ме?» - БАҚ-қа шолу
АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 13 қыркүйек, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Әлихан Байменовті қабылдады. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Мамандар даярлауда сапа қажет» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баян етілген. Басылымның жазуына қарағанда, кездесу барысында Ә.Байменов Мемлекет басшысына агенттіктің алдағы қызметінің негізгі бағыттары мен халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары баға алған мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделінің қалыптасқан аспектілері туралы баяндады. Қазақстан Президенті мемлекеттік қызметті реформалаудың негізгі кезеңдерінің бірі «А» корпусын және тиісті сапалы кадрлар резервін жасақтау екенін атап өтті. «Осы орайда мемлекеттік қызметшілерді даярлау және біліктілігін арттыру мәселелеріне назар аудару қажет. Облыстарда оның қызметіне жеткілікті қадағалау жасамайтын жергілікті әкімдіктерге бағыныстағы мемлекеттік қызметшілерді оқытудың өңірлік орталықтары бар. Назар аударуды талап ететін тағы бір бағыт - мемлекеттік қызметшілерді шетелдерде оқыту және біліктілігін арттыру. Қажетті білім қоры, дайындықтары бар адамдарды жіберудің орнына ол жаққа көбінесе ағылшын тілін білмейтіндер жіберіледі. Осының салдарынан олар материалды игере алмайды және тиісті тәжірибе жинақтай алмайды. Бұл мақсаттарға бюджеттен 170 млн. теңге бөлінген, ал нәтиже жоқ», - деді Мемлекет басшысы.
***
«Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев жылжымайтын мүлікке салынатын салықты арттыру жағдайға пара-пар және дер кезіндегі шара деп есептейді. «Бұл бүгінгі ахуалға жауап беретін нағыз пара-пар шара» деп атап көрсетті министр»,- деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның жазуынша, Ерболат Досаев салық салу жүйесіндегі тағы бір жаңалықты - жылжымайтын мүліктің көлеміне байланысты салықты өсіру жайын да тілге тиек етті. «Өте қымбат пәтерлер (көлемі 150 шаршы метрден асатын пәтерлер және жалпы көлемі 300 шаршы метрден асатын жеке меншік үйлер) салық төлеушілер үшін қымбатқа түсетін болады. Біз осындай санаттағы тұрғын үйлерге төленетін салық ставкасын үш коэффициенттен жоғары есептеуді ұсынамыз. Мұндай тұрғын үйлер бізде көп емес. Қазір елімізде жалпы 2,14 миллион пәтер болса, оның ішінде 10,1 мыңының ғана көлемі 150 шаршы метрден асады. Жеке тұрғын үйлер 2,6 миллион болса, оның ішінде 300 шаршы метрден асатыны 34 мың тұрғын үй», деп қорытындылады өз сөзін Ерболат Досаев. Толығырақ «Жайлы тұрмыстың ақысы да сайлы» деген тақырыппен берілген.
***
«Қазақстанның төбесінен тек әскери мақсатта ғана қолданылатын улы гептил шашып келе жатқан «Протондардың» ұшуына тыйым салынуы тиіс! Кеше Сенат пен Мәжілістің бір топ депутаты Үкімет басшысы Серік Ахметовтің атына бірлескен сұрау жолдады»,- деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөміріндегі «Ауылдың мұңы бір бөлек» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, халық қалаулыларын осыны талап етуге халықтың мұң-зары итермелеп отыр: осының алдында, жазғы демалыстары кезінде олар сол өңірді аралап, қатер аймағында өмір сүріп жатқан жұртшылықтың пікірін тыңдапты. «Биылғы жылдың 2 шілдесі күні Ресейдің «Протон» зымыраны апатқа ұшырап, «Байқоңыр» ғарыш айлағы аумағына құлады, - деп еске салды ресми сауалды оқыған сенатор Мұрат Бақтиярұлы. - Соған байланысты, комиссия құрылып, көп жұмыс жасап жатыр. Біз бір топ депутат осы өңірге аттанып, Байқоңыр, Төретам, Ақай елді мекендерінде болып, халықпен кездесулер өткіздік. Солардың қорытындылары бойынша Үкімет басшысынан бір топ іс-шараларды қолға алуын сұраймыз».
Осы басылымның жазуынша, қырғыз астанасы Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті ашылды. Бұл басқосуда тілге тиек етер мәселе бұрынғыға қарағанда сәл өзгешелеу. Оған себеп те бар. Өйткені халықаралық жағдай ушығып тұр. Бұл жерде алдымен тілге оралары - Сирия мәселесі. АҚШ тек ұрымтал сәтті күтуде. Егер де соғыс бастала қалса, тұтас Таяу Шығыс отқа орануы мүмкін. Мұның арты алпауыт елдердің жаңа текетіресіне, аяғы «қырғи-қабақ соғыс» кезеңіне алып келмек. «Тіпті Ресей басшысы Путин қызды-қыздымен «АҚШ Сирияға соққы беретін болса, бұл басқыншылық деп саналады. Ондай болс, біз сол елге көмек береміз» деді. АҚШ-тың НАТО бойынша кейбір одақтастары «Сирия мәселесін қалай шешуді БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі бекіткен жөн» дегенді айтады. Бірақ АҚШ оңайлықпен ешкімді тыңдар түрі жоқ. Қолдарындағы «Башар Асад билігі бейбіт халыққа химиялық қаруды қолданды» деген ақиқаты күмәнді дәйекті алға тартумен әуре. Ал осындай қым-қуыт кезеңде Бішкектегі саммиттің негізгі тақырыбы да қауіпсіздік мәселесі болмақ», - деп жазады «Айқын» газеті. Мақала «Бішкек саммиті жаңа мүшелер қабылдауға әзір ме?» деген тақырыппен берілген.
***
«Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның жазуына қарағанда, Мемлекет басшысы С.Лавровтың Қазақстанға сапарына ықылас білдіріп, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне тоқталып өтті. «Қазақстан мен Ресей жоғары деңгейде қарым-қатынас жасап келеді. Бұған елдеріміздің сыртқы істер министрліктері мен елшіліктерінің қосқан үлесі зор. Біздің екіжақты ынтымақтастығымыз өзге елдер үшін үлгі бола алады деп ойлаймын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Ресей Сыртқы істер министрін G20 саммитінің сәтті өтуімен құттықтап, осынау ауқымды іс-шараның сапалы ұйымдастырылғанын атап өтті.