Бішкек түбінде құлаған ұшақтың қара жәшігі Мәскеуге жіберілді
БІШКЕК. ҚазАқпарат -Бішкек түбінде құлаған ұшақтың қара жәшігі бүгін таңертең Мәскеуге жіберілді, деп хабарлайды Қырғызстандағы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Бұл туралы журналистерге Қырғызстан көлік және жолдар министрі Жамшитбек Калилов мәлімдеді.
«Қара жәшіктер бүгін таңғы 7.30-да Мәскеуге жөнелтілді. Егер ондағы мәліметтер Мәскеуде оқылмаса, жәшіктер Францияға немесе АҚШ-қа жіберіледі», - деді министр.
Оның айтуынша, 18 қаңтар күні Мемлекетаралық авиациялық комитеттің комиссиясы апат орнына тексеру жұмыстарын жүргізді. Бүгін де комиссия өз жұмыстарын жалғастырады.
Еске сала кетсек, 16 қаңтарда сағат таңғы 7.31-де Бішкектің Дача-Суу ауылында әуежайға жақын жерде Гонконгтен Түркияға бет алған Boeing-747 жүк ұшағы құлады. Апат салдарынан 38 адам мерт болды.