Бішкекте белгісіз біреулер қалалық су арнасын басып алуды көздеп отыр

БІШКЕК. КАБАР-ҚазАқпарат – «Бішкексууканалы» өндірістік-пайдалану басқармасының (ӨПБ) стратегиялық маңызды нысанын рейдерлік жолмен басып алуға дайындық жүруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат Кабар агенттігіне сілтеме жасап.

Бішкекте белгісіз біреулер қалалық су арнасын басып алуды көздеп отыр

«Құрметті қырғызстандықтар! «Бішкексууканалы» ӨПБ ұжымы жұртшылыққа, Үйлестіру кеңесіне, Премьер-Министрдің міндетін уақытша атқарушы С.Жапаровқа жүгінеді. Стратегиялық маңызды нысан - «Бішкексууканалы» ӨПБ-ны рейдерлік жолмен басып алуға дайындық жүруде. Басқарманың негізгі міндеті – сумен жабдықтау және су тарту.

Су арнасының қызметкерлері саясаттан тысқары. 24/7 демалыссыз және мереке күндерінсіз жұмыс істейді. Басқарма ұжымы үйлесімді механизм ретінде үзіліссіз жұмыс істейді. Алайда, кейбір деструктивті күштер соңғы оқиғалар аясында жағдайды пайдаланып, «Бішкексууканалы» ӨПБ-ны өз қолдарына алуға бекінген. «Бішкексууканалы» ӨПБ ұжымы саясаттан тысқары және өзінің тікелей міндетімен ғана айналысатынын тағы бір мәрте мәлімдейміз. Ол Бішкек пен оның айналасын ауыз сумен, сондай-ақ ағынды суларды канализациямен қамтамасыз етеді. Жұртшылықты «Бішкексууканалы» ӨПБ ұжымын қолдауға және Қырғызстан астанасы үшін стратегиялық маңызды нысанды рейдерлік басып алуға жол бермеуге шақырамыз», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, жексенбі, 4 қазан күні Қырғызстанда Жогорку Кенешке депутаттарының сайлауы өтті. Депутаттық мандатқа 16 партия үміткерлік етті. Дауыс берудің алдын ала мәліметі бойыншы, 7% межені 4 партия еңсерді. Ал, 5 қазан күні сайлау нәтижесіне көңілі толмаған бір топ адам орталық алаңда митинг ұйымдастырып, оның соңы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты.