Бішкекте болып жатқан тәртіпсіздіктер кезінде Қазақстанның бір азаматы қаза тапты - ҚР СІМ
Бұл туралы бүгін Астанада журналистерге ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы елшілігінің ақпаратына сәйкес, Бішкекте болып жатқан тәртіпсіздіктер кезінде кеше Қазақстан Республикасының бір азаматы қаза тапты. Оның аты-жөні - Шиян Илья Владимирович, 1994 жылы ақпанның 24-де туылған. Жамбыл облысы, Мерке ауылының тұрғыны», деді А. Әбдірахманов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы елшілігінің қызметкерлері қаза тапқан азаматтың мәйітін Қазақстанға жеткізуді ойластырып жатыр және оның өлімі қандай жағдайда орын алғанын анықтаумен айналысуда.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қаза тапқан азаматтың туған-туысқандарына қайғырып көңіл айтады, деді ресми өкіл.