Бішкекте Қазақстан азаматының өліміне күдікті үш азамат ұсталды

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде кісі өлтіру, тонау, қарақшылық баптарына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, қалалық тергеу изоляторына үш күдікті азамат жеткізілді. Бішкек қалалық Ішкі істер басқармасы қазіргі уақытта қалған екі күдікті азаматты ұстау бойынша іздестіру амалдары жүргізіліп жатқандығын мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, 25 қарашада бизнесмен Н. Кенжебековке бетперде киген 5-6 белгісіз адам қарақшылық шабуыл жасаған. Қылмыскерлер кәсіпкердің үйіне басып кіріп, онымен бірге тұрған азаматшаны соққыға жыққан. Содан кейін қылмыскерлер 20 мың сомды, 1,5 мың АҚШ долларын, алтын бұйымдарды және ұялы телефондарды тартып алып кеткен.