Бішкекте Мұхтар Әуезовке арналған ғылыми конференция өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстан ұлттық ғылым академиясында 15 қыркүйек күні қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, аудармашы, драматург Мұхтар Әуезовтың 120 жылдығына арналған конференция өтеді. Бұл туралы Kabar жазады
«Академик М.Әуезов ғылым мен мәдениетте» ғылыми-тәжірибелік конференциясына мәдениет пен саясат саласындағы фольклоршылар, әдебиеттанушылар, филологтар, философтар, тарихшылар, этнографтар, сарапшылар қатысады.
Іс-шара кезінде қатысушылар өз туындаларын жұртшылыққа ұсынады.
Мұхтар Омарханұлы Әуезов - қазақ жазушысы, драматург және ғалым. Ленин (1959) және Сталин (1946) атындағы бірінші дәрежелі сыйлықтың лауреаты. Қазақ КСР ғылым академиясының академигі (1946), Қазақстан жазушылар одағының төрағасы. Оның екі томдық «Абай жолы» романы «Әлем әдебиетінің кітапханасына» енді.