Бішкекте ТҮРКСОЙ ұйымының 25 жылдығына арналған концерт өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстанның астанасында ТҮРКСОЙ ұйымының 25 жылдығына арналған «Менің достарым - менің байлығым» атты концерт өтті, деп хабарлайды Кабар.

Бішкекте ТҮРКСОЙ ұйымының 25 жылдығына арналған концерт өтті

Концертке түркі әлемінің төрт бұрышынан жиналған 70-тен астам өнерпаз қатысты.

Концерттің ашылуында сөз сөйлеген Қырғызстан вице-премьері Чолпон Сұлтанбекова түркі әлемінің мәдениеті мен өнерін дамытуға қосып жатқан үлесі үшін ТҮРКСОЙ ұйымына алғысын білдірді.

Ұйымның Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов түркі әлемінің бай мәдени мұрасы сақтап келесі буынға табыстау ТҮРКСОЙ ұйымының баста мақсаты екендігін, 25 жылдық мерейтой түркі елдерінің бәрінде аталып өтілетінін тілге тиек етті.

Профессор Мұратбек Бегалиев негізін құраған Бішкек Симфониялық оркестрінің орындауындағы классикалық туындылармен қатар, концертте түркі мемлекеттерінің камералық оркестрлері де өнер көрсетті.

Сахнада Узеир Гаджибековтың «Кероғлы», Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сара» опералары, сонымен бірге Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Башқұртстан (РФ) және Татарстан (РФ) жас орындаушылары өнер көрсетті.

«Менің достарым - менің байлығым» концерті ТҮРКСОЙ ұйымның Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов скрипкамен орындаған Клод Франсуаның «My way» композициясымен аяқталды.
null null null