Бішкекте жарылыс болды, қауіпсіздік шаралары күшейтілді

БІШКЕК. 30 қараша. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Бүгін таңертең сағат 8.55-те Бішкекте, «сәуір оқиғалары бойынша» сот ісі жүріп жатқан Қожамқұл атындағы Спорт сарайының маңында жарылыс болды.

Бішкекте   жарылыс болды, қауіпсіздік  шаралары  күшейтілді

Алдын ала мәліметтер бойынша, кәріз құдығына қойылған қолдан жасалған жарылғыш зат іске қосылған. Жарылыстың салдарынан диаметрі 7-10 метрлік шұңқыр пайда болды. Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің екі әскери қызметі зардап шеккен.

Қазіргі уақытта Қырғызстанда барлық стратегиялық және ерекше маңызды нысандардың күзеттері күшейтілді. Ел басшылығы барлық күш-қуат ведомстволарының басшыларына осындай өкім берді.

Елдің Ішкі істер министрлігіне ерекше маңызды нысандардың күзетін күшейту, қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспарларын жүзеге асыру міндеттеліп отыр.

Ош мэриясынан келіп түскен ақпар бойынша, «жағдайдың күрделенуіне байланысты және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, лаңкестік әрекеттер мен басқа да қоғамға қарсы құбылыстарға жол бермеу мақсатында қаланың мәдени-ағарту мекемелерінде, оқу орындарында мәдени-бұқаралық шаралар өткізуге уақытша тыйым салынып отыр».

Мемлекеттік мекемелердің, министрліктер мен ведомстволардың басшыларына тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастыруға кеңес берілді. Қару-жарақтардың, оқ-дәрілердің, жарылғыш, пиротехникалық және аса уытты улы заттардың әкеліну жолдары қатаң бақылауға алынып отыр. Сондай-ақ әуежайлар мен автовокзалдарда тексеру жүргізу, шетелдік азаматтардың төлқұжат-визалық режімдерін тексеру шаралары күшейтілуде.