Бішкекте «жедел жәрдем» жүргізушілері ереуілге шықты
БІШКЕК. Қазанның 25-і. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Қырғызстанның елордасында денсаулық сақтау министрлігінің алдында «жедел жәрдем» қызметі жүгізушілерінің ереуілі ұйымдастырылып отыр, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі Бішкектен.
Қырғызстандық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, «жедел жәрдем» қызметі мен ведомство автобазасының отыздан астам жүргізушісі денсаулық сақтау министрімен кездесуді талап етуде. Олар жалақыларын 10 мың сомға дейін көтеруді талап етуде (200 АҚШ доллардың шамасы). Айта кету керек, жүргізушілердің қазіргі жалақысы 100 доллардан асар-аспас.
Елдің денсаулық сақтау министрі Сабыржан Әбдікәрімов жедел жәрдем жүргізушілерінің талаптарын қарап шығуға және олардың Бішкек мэрімен кездесуін ұйымдастыруға уәде берді.